Әскери жаттығулар 26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Алматы облысындағы "Жағалау" оқу полигоны базасында өтеді.
"Дағдарысқа ұшыраған аймақта жанжалдың алдын алу жөніндегі бітімгершілік операциялары мен гуманитарлық көмек көрсету әдістері пысықталады" деп мәлімдеді жаттығулар жетекшісі генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Әскери жаттығуларға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және Ресей әскери бөлімдері қатысады. ҰҚШҰ ұйымына мүшелігін уақытша тоқтатқан Армения келмейді.
Қазақстан қорғаныс министрлігі биыл маусым айында ҰҚШҰ елдерінің бітімгерлік күштерінің құрамында 4 мыңға жуық адам барын хабарлаған.
Алматы облысындағы жаттығулар 6 қазанға белгіленген АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жаттығу референдум өткен күннің ертесіне аяқталады.
2022 жылғы қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұрауымен Қазақстанға ҰҚШҰ әскері кірді. Жаңаөзен қаласында басталған толқулар елдің басқа да қалаларына тарап, көп жерде жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Тоқаев 5 қаңтарда ереуілге шыққандарды "терроршылар" деп атап, ҰҚШҰ елдерінен "террористік қауіпті еңсеру үшін" әскер жіберуін сұрады. Қазақстан билігі кейін "антитеррор операцияларына" ҰҚШҰ күштері араласпады деп мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза болды.