Ссылки доступа

Алматыда бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды. Кемінде бір адамның үйін полиция тінткен


Алматы қаласы мен облыста полиция бірнеше белсендіні ұстаған, кейбірінің үйінде тінту жүргені де хабарланды. Бұл жөнінде ақпаратты бірінші болып белсенді Абзал Достияров Facebook парақшасында хабарлады.

Ұсталғандардың арасында белсенді Фазылжан Сыдықов та бар. Оның әйелі Гүлзамира Сыдықованың сөзінше, жексенбі күні таңертең полиция сау етіп үйіне кіріп, ұйықтап жатқан жерінен күйеуін алып кеткен. Үйді тінткен.

"Таңғы сегізде келді. Есікті тақылдатқаннан кейін ашсам ар жағында он машина полиция қоршап алған ғой. Жолдасым ұйықтап жатқан. Лап етіп кіріп, іш киімімен тұрғызып алды. Үйді тінтті, машинаны тінтті. Плакаттар бар ма деп іздеді. Ештеңе таппай, қалалық полиция басқармасына алып кетті" дейді белсендінің әйелі.

Ол күйеуінің телефонына әлі хабарласа алмай отырғанын жеткізді.

Гүлзамира Сыдықованың айтуынша, полиция күйеуінің телефонын тартып алған, оның машинасынан "Бас кеспек болса, тіл кеспек жоқ" деген футболка мен кепканы да алып кеткен. Бұған қоса, күйеуінің бензин шығындарын жазып жүрген қойын дәптерін де тәркілеген.

"Полиция шамамен 8-де келіп, 10.20 шамасында кетті" дейді белсендінің әйелі.

Оның сөзінше, Фазылжан Сыдықов қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім, белсенді Әйгерім Тілеужанның соттарына қатысқан.

Жексенбі күні белсенділер Азат Төлеухан, Рақыш Тоқмамбетовтың де ұсталғаны хабарланды. Азат Төлеуханның жақындары Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Жексенбі, 29 қыркүйекте Азаттық Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласты. Ол ақпаратты анықтап көретінін жеткізді.

Қазақстанда әдетте белсенділер қандай да бір ірі саяси оқиға немесе оппозиция митингілері қарсаңында ұсталады.

Бір аптадан кейін елде атом станциясын салу мәселесіне қатысты референдум өтпек. Белсенділердің ұсталуы референдумға қатысы бар-жоғы белгісіз.

Елде АЭС-ке қатысты халық пікірі сан алуан. АЭС-ті жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелділік артуы мүмкін дейді.

XS
SM
MD
LG