Ссылки доступа

Азаттық радиосының журналисі Алсу Құрмашеваны қамау мерзімі 5 маусымға дейін ұзартылды


Алсу Құрмашева
Алсу Құрмашева

Қазан қаласының Совет аудандық соты Азаттық радиосы Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны қамау мерзімін 5 маусымға дейін ұзартты. Бұл жөнінде Idel.Реалии редакциясы хабарлады.

Журналистің қорғаушысы оны үйқамаққа шығару жөнінде өтініш берді. Бірақ сот оны қанағаттандырмады.

Сот отырысына АҚШ-тың бас консулы Стюарт Уилсон мен консулдықтың тағы бір өкілі қатысты. АҚШ елшілігі өкілдері Қазан қаласына арнайы журналистке қолдау көрсету үшін келген.

Сот отырысынан кейін Алсу Құрмашева БАҚ өкілдеріне "физикалық тұрғыдан жағдайы нашар екенін, денсаулығына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін" жеткізген.

"Бес шаршы метр бөлмеде екі адам...Суық су жоқ...Унитаздың орнына еденде тесік бар. Жарты метр бос кеңістік те жоқ! Екі керует, үстел жоқ. Қаабырғалары жарылған. Жарты ғасырға жуық жөндеу жұмыстары жүргізілмеген секілді", - деген Алсу Құрмашева.

Журналист 2023 жылдың қазан айынан бері тергеу абақтысында отыр.

Журналиске Ресей Қылмыстық кодексінің екі бабын бұзды деген айып тағылған: ол өзін "шетел агенті" тізіміне қосу жөнінде құжат тапсырмаған және Ресей армиясы туралы "жалған ақпарат таратқан". Екінші айып бойынша тергеушілері оны 2022 жылдың күзінде Idel.Realii редакциясы таныстырған "Соғыс тоқтасын. Украинаға шабуылды айыптайтын 40 ресейліктің оқиғасы" деген кітапты таратты деп санайды.

Алсу Құрмашева – АҚШ-тың және Ресейдің азаматы.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы президентінің міндетін атқарушы Стивен Капус сот шешіміне байланысты былай деп мәлімдеді:

"Ресей билігі заңсыз ұсталған Алсу Құрмашеваны қылмыстық қудалаумен айналысып жатыр, біз бұл әрекетті айыптаймыз. Оны тек америкалық журналист болғаны үшін ғана түрмеге қамап, әділетсіз түрде тергеп жатыр. Енді оның түрмедегі мерзімін тағы да созды.

Халықаралық журналистік және құқық қорғау ұйымдары мен дипломаттар Алсуды қорғап жатыр. Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бүгінгі тыңдауға өкілдерін жібергені үшін Еуроодақ елдеріне алғыс айтады".

Капус АҚШ мемлекеттік департаментін Алсу Құрмашеваны "заңсыз қамалған" деп ресми түрде тануға шақырды. Бұдан бұрын Ресейде ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған америкалық журналист Эван Гершковичті мемлекеттік департамент "заңсыз ұсталды" деп таныған.

"Ресей Алсудың тағдырына толық жауапты. Ол дереу босатылып, зарыға күткен жақындарының қасына бірден жіберілуі керек" деп мәлімдеді Капус.

Ұсталғанға дейін Алсу Құрмашева Прагада бала-шағасымен тұрған. Былтыр мамырда ол отбасы жағдайымен туған қаласы – Қазанға бірнеше күнге барған.

XS
SM
MD
LG