Ссылки доступа

Армения оқ атты деп Әзербайжанды айыптаса, Баку "диверсия жасалды" дейді


Армения қорғаныс министрлігі 13 қыркүйекке қараған түні Әзербайжан жағы шекарадағы қалаларды атқылады деп хабарлады. Баку Ереванның "арандату әрекетіне" жауап ретінде оқ атқанын мәлімдеді. Жанжалдың қайта өршуіне байланысты Армения Ресейден, ҰҚШҰ мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен көмек сұрады.

13 қыркүйекте таңғы сағат 8-де Әзербайжан мен Армения атысты доғаруға келісті.

"13 қыркүйекте түнгі сағат 00:05-те Әзербайжан Қарулы күштерінің бөлімшелері армян шебін артиллериямен және ірі калибрлі қарулармен Горис, Сотк және Жермукқа қарай оқ атты", - деп хабарлады Армения қорғаныс министрлігі.

Горис Арменияның оңтүстігінде орналасқан, ал оған жақын жердегі Жермукқа дейін 65 шақырым. Сотк солтүстік жақта, Севан өзенінің маңында орналасқан. Сотк пен Горис арасы 90 шақырым. Мәліметке қарағанда, әзербайжан әскерилері ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын, минометтар қолданған.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі болса Армения Қарулы күштері әзербайжан-армян мемлекеттік шекарасында "кең көлемді диверсия" ұйымдастырды деп мәлімдеді.

"12 қыркүйекте Армения Қарулы күштерінің бөлімшелері әзербайжан-армян мемлекеттік шекарасында Дашкесан, Кельбаджар және Лачин бағыттарында кең көлемді диверсия ұйымдастырды", – деп хабарлады Әзербайжанның қорғаныс министрлігі.

Көрші елдер арасындағы жанжал қайта өршуіне байланысты Ереван Ресей Федерациясы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрады.

Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ төңірегіндегі шиеленіс 1980 жылдары, Совет одағы ыдырай қоймаған тұста басталған. Бұл аумақта армян ұлтының өкілдері тұрған, бірақ жер Әзербайжанға тиесілі болған. Сол жылдардағы соғыс нәтижесінде Армения Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін басып алған.

2020 жыл күздегі алты апталық соғыста Әзербайжан сол жерлерді қайтарып алды. Соғыс Ресейдің бітімгер әскерінің кіруімен аяқталды.

Содан бері екі ел басшылары бейбітшілік келісімін жасасу мақсатында бірнеше кездескен.

XS
SM
MD
LG