Парламент алдында сөйлеген Пашинянның айтуынша, Армения ҰҚШҰ-дан әскери көмек те сұраған. Бұған қоса, Армения Ресейге де әскери көмек көрсетуін өтініп отыр.
Пашинянның мәлімдеуінше, Әзербайжан Арменияның бірқатар аймағына бақылау орнатқан, әскери қақтығыс кезінде 105 армян жауынгері мерт болған. Дегенмен премьер-министр елде әзірге "әскери жағдай енгізу қажет емес" деп есептейді.
Сәрсенбі күні таңертең Армения қорғаныс министрлігі Әзербайжан армиясының "Ресей федералды қауіпсіздік қызметі базасын" атқылағанын хабарлады. Әзербайжан жағы Арменияның бұл мәлімдемесін жоққа шығарды.
Бұл уақытта, ҰҚШҰ хатшылығы ұйымның бірлескен штабы Арменияға 15 қыркүйекте аттанатынын хабарлады. Штабты генерал-полковник Анатолий Сидоров бастап барады.
- Армения мен Әзербайжан шекарасындағы ахуал 13 қыркүйекке қараған түні ушыққан. Армян тарабының хабарлауынша, бірнеше ауыл атқылауға ұшыраған. Елу шақты әскери қызметкер қаза болған. Баку жағы да елу шақты жауынгерінен айырылғанын мәлімдеп, армян жағын кінәлаған.
- Бұған дейін Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрап, Әзербайжанмен әскери қақтығысты реттеуге қол ұшын беруге үндеген. Ал ҰҚШҰ мәселені "саяси-дипломатиялық жолдармен" реттеу қажеттігін алға тартып, ұйым бас хатшысын оқиға орнына жіберу туралы шешім қабылдаған.