Ереванда полиция 200-ге жуық адамды ұстады. Бұл туралы ТАСС агенттігі Армения ІІМ-не сілтеме жасай отырып хабарлады.
Адамдар наразы ұрандар тастап, көшелерді автокөліктер және қоқыс жәшіктерімен жауып жатыр. Атап айтқанда, олар Иранға апаратын, сонымен бірге Ереваннан Армавирге шығатын жолдарды жүк көліктерімен бөгеп тастаған. Наразылық акциясын «Халық майданы» қозғалысы үйлестіріп отыр.
197 белсендінің ұсталғаны мәлім болды. Олардың арасында оппозицияның парламенттегі өкілі Ашот Симонян да бар.
Наразылық акциясына шыққан адамдар Армения билігінің Әзербайжанға жер бергеніне, бұған қоса шекарадағы тағы бірнеше ауылдың көрші елге өтетініне қарсы. Оппозиция премьер-министр Никол Пашинянға импимент жариялауға тырысып жатыр. Билік басындағы партия мемлекеттік төңкеріске дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді.
Наразылықты ұйымдастырушы архиепископ Баграт Галстанян наразы топтың атынан Никол Пашинянның қызметтен кетуін талап етті.
Наразылық шекарадағы ауылдардан басталған. Тавуш облысындағы тұрғындар Армения Әзербайжанға аудандағы төрт ауылды берген уақытта үйлерінен айырылып қалудан қауіптеніп отыр. Ауылдардың наразы тұрғындары Ереванға шерулетіп жетті. Оған мыңдаған адам қосылды.
Наразылықты ұйымдастырушы Баграт Галстанян 2015 жылдан бері Тавуш епархиясын басқарады. Арменияның Тавуш облысы Әзербайжанмен шектесіп жатыр. Дін қызметкерінің өзі премьер-министр бола алмайды, өйткені оның Канада азаматтығы да бар.
Күрес көшелерде ғана емес, парламентте де жүріп жатыр. Оппозиция наразылықты қолдады. Кем дегенде 36 депутат дауыс берген жағдайда премьер-министрге импичмент жарияланады. Оппозициялық фракция 35 дауысқа ие. Енді олар бір дауысты қайдан алу керектігін талқылап жатыр.