Ссылки доступа

Байден Украинаға ленд-лиз бойынша қару-жарақ жеткізу жайлы заңға қол қойды


АҚШ президенті Джо Байден

АҚШ президенті Джо Байден "соғыс қимылдары біткенге дейін" Украинаға ленд-лиз бойынша қару-жарақ жеткізу жайлы заңға қол қойды деп хабарлады Ақ үй.

"2022 жылғы Украинадағы демократияны қорғауға арналған ленд-лиз туралы заң" деп аталатын құжат қару-жарақ, әскери көмек пен өзге де ресурстарды жеткізуді тездетуге мүмкіндік береді. Ол Конгреске биылғы жылдың қаңтарында, яғни Ресей шабуылына дейін енгізілген болатын.

Украина президенті Владимир Зеленский Twitter-дегі парақшасына Джо Байденге рахмет айтып, мынадай пост жазды: "Бүгінгі ленд-лиз туралы заңға қол қою – тарихи қадам. Біздің бірлесе отырып, тағы да жеңіске жететінімізге кәміл сенемін. Сөйтіп біз Украина мен Еуропадағы демократияны қорғап қаламыз. 77 жыл бұрынғыдай".

Жаңа заңда АҚШ президентінің "Ресейдің Украинаға шабуылынан зардап шеккен Украинаға және Шығыс Еуропаның басқа елдеріне – осы елдердің қорғаныс қабілетін нығайтып әрі Ресей тарабынан болуы мүмкін шабуылдан немесе әлі жалғасып жатқан агрессиядан бейбіт халықты қорғау үшін – қорғаныс құралдарын қарызға немесе жалға беру уәкілдігін үкіметке тапсыра алатыны" айтылған.

  • Ресей Украинада соғыс бастағалы бері АҚШ Киевке жалпы сомасы 2,4 миллиард доллардың әскери көмегін үш бөліп берді. 28 сәуірде Джо Байден Конгрестен қосымша 33 миллиард доллар бөлуді өтінді.
  • Украинаға арналған ленд-лиз туралы заң Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі осыған ұқсас заң тәрізді қолданылатын болады. Ол кезде АҚШ одақтастарына әскери техника мен азық-түлікті алдын ала төлемсіз әрі ол төлемді алуды ұзақ уақытқа кейінге қалдыра отырып жеткізіп тұрды. Ол уақытта көмек алушы басты елдің бірі Совет одағы болды.
  • Ресей мемлекеттік думасы спикері Вячеслав Володин сәуірдің аяғында ленд-лиз бойынша АҚШ-тан көмек ала отырып, Украина президенті Владимир Зеленский өз елін борыш құдығына батырады деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG