Ссылки доступа

Беларусьта оппозицияның 257 өкілі билікті басып алуға әрекет етті деп айыпталып жатыр


Беларусь тергеу комитеті оппозицияның Үйлестіру кеңесіне үміткерлігін қойған 257 адамға қарсы қылмыстық іс қозғады. Олар билікті басып алуға әрекет жасады деп айыпталып жатыр. Бұл жөнінде комитеттің баспасөз қызметі білдірді.

Оларға билікті басып алуға әрекет жасады деген айыптан бөлек, ұлттық қауіпсіздікке қарсы іс-қимыл жасауға шақыру, экстремистік ұйым құру және экстремистік әрекеттерге көмектесті деген айыптар бойынша іс қозғалды.

Беларусь Тергеу комитеті күдіктілер 12 "экстремистік" ұйымның өкілдері деп болжанады дейді.

Беларусь оппозициясының Үйлестіру кеңесі 2020 жылдың 20 тамызында Светлана Тихановскаяның бастамасымен елдегі саяси дағдарыстан шығу үшін құрылған. Беларусьтың протопарламенті болған бұл ұйымды АҚШ пен Еуроодақ таниды.

Төрт жыл ішінде Үйлестіру кеңесінің бірқатар мүшелері қамауға алынды. Енді бірқатары елден шығып кетуге мәжбүр болды.

2023 жылдың қараша-желтоқсанда Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне қарсы қуғындаудың жаңа толқыны басталған.

Мамыр айының соңында Үйлестіру кеңеске сайлау өтеді. Оған 112 адам сайланады.

Беларусьта Үйлестіру кеңес "экстремистік ұйым" деп танылған.

XS
SM
MD
LG