Ссылки доступа

Politico: Беларусь Таулы Қарабақтағы жанжал кезінде Әзербайжанға қару беріп тұрған


2018-2022 жылдары Баку мен Ереван арасында Таулы Қарабақ үшін жанжал өршіп тұрған уақытта Беларусь Әзербайжанға қару-жарақ беріп, әскери көмек көрсеткен.

Бұл туралы Politico басылымы Беларусь жағының дипломатия мен әскери құжаттарына сүйене отырып жазды.

Басылым мәліметінше, Минск Әзербайжанға ескі артиллерия қаруларын жетілдіруге көмектесіп, сонымен бірге дрондар мен радиоэлектроника үшін қажетті жаңа қару-жарақ жеткізіп берген.

Беларусь пен Армения Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына кірген. Әскери ұйым құрамында Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда да бар.

2023 жылы Армения бірнеше мәрте ҰҚШҰ шараларына қатысудан бас тартқан. 2024 жылғы мамырда Армения ұйымды қаржыландыруды доғарған. Маусымда Армения премьер-министрі Никол Пашинян осы ұйымнан шығатынын тағы да мәлімдеген.

Содан кейін Пашинян Александр Лукашенконы Таулы Қарабақтағы жанжал кезінде Әзербайжанды қолдағаны үшін сынаған. Сосын Ереван Минск қаласындағы елшісін кеңесу үшін шақыртып алған. Беларусь жағы да Армениядағы өз өкілін кері қайтарған.

Ереванда қазір оппозиция митингісі болып жатыр. Наразылар Армения парламенті ғимараты алдына шатырлар тіккен. Олар Пашинянды Әзербайжанмен арадағы шекара келісіміне байланысты "ұлттық мүддені сатты" деп айыптап жатыр.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді. Бұл ұйым өз тарихында бір рет – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға бірлескен әскер жіберген.

XS
SM
MD
LG