Ссылки доступа

46 мыңнан астам адам Навальныйдың сүйегін туыстарына беруді талап етті


Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный қайтыс болғаны жарияланғалы бері Ресей тергеу комитетіне оның сүйегін туыстарына беру туралы талаппен 46 464 өтініш түскен. Бұл туралы "ОВД-Инфо" сайты хабарлады.

«Колония өкілдерінің мәлімдеуінше, саясаткер өлімінің себебі – кенеттен өлу синдромы. Салехардтағы тергеу комитеті өлім себебі анықталмағанын, гистологиялық сараптама қайтадан өткізіліп жатқанын, нәтижесі келесі аптада шығатынын айтып отыр. Саясаткердің туыстары мен жақтастары билік оның өлімінің себебін әдейі жасырды деп есептейді» деп жазды сайт.

Құқық қорғаушылар тергеу комитетіне талап қою бастамасын 17 ақпанда ұсынған.

Алексей Навальныйдың анасына саясаткердің сүйегін де көрсетпей отыр. Салехардтағы мәйітханадағылар оған мүрде мұнда емес деп мәлімдеген.

"ОВД-Инфо" мәліметінше, тергеу комитеті Навальныйдың сүйегін туыстарына 30 күн бойы бермеуі мүмкін. Қылмыстық іс қозғалған жағдайда, құзырлы орган мәйітті одан да ұзақ уақыт ұстай алады.

XS
SM
MD
LG