Ссылки доступа

Пәкістанның бұрынғы премьеріне тағы бір үкім шықты


Имран Хан
Имран Хан

Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Ханға тағы бір үкім шықты. Саясаткер мен оның әйелі Бушра Бибі 14 жылға сотталды. Бұл туралы Dawn басылымы хабарлады.

Бұл жолы премьерге мемлекеттік қызметте болған уақытта алған сыйлықтарын жасырды деген айып тағылған. Ханға он жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұған қоса сотталған екеу үш миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

Имран Хан премьер-министр болып тұрған уақытта шетел басшылары мен саясаткерлерінен 108 сыйлық алған, 58 сыйлықты өзінде қалдырған.

Пәкістанда үкімет шенеуніктері шетелдіктерден алған 100 доллардан қымбат сыйлықты Тошахан қоймасына өткізуі тиіс. Сыйлықты өзінде қалдырғысы келгендер сыйлық құнының 20 пайызын төлеуі керек.

71 жастағы Хан қамауда отыр. 2023 жылғы тамызда ол ақша заңдастырды деген айыппен үш жылға сотталған. Бұрынғы шенеунік тағылған айыптарды жоққа шығарып, саяси қудалауға ұшырағанын мәлімдеген.

Имран Хан 2018 жылы премьер-министр болып сайланған. 2022 жылы парламент оған сенімсіздік вотумын жариялап, қызметтен алған.

Содан бері оның үстінен 50-ден астам қылмыстық іс қозғалған. 2023 жылғы мамырда саясаткер жемқорлық айыбымен ұсталған. Сот Ханға сайлауға қатысуға тыйым салған.

8 ақпанда Пәкістанда жалпыұлттық сайлау өтеді.

XS
SM
MD
LG