Ссылки доступа

Ливанда техниканың жарылуынан қаза болғандар саны 32-ге жетті


Ливанда 17-18 қыркүйекте пейджерлер мен техниканың басқа да түрлерінің жарылуынан қаза болғандар саны 32-ге жетті. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп таратты "Әл-Хурра" телеарнасы.

Жиырма адам шабуылдың бірінші күні қаза болған. Сол күні елде пейджерлер жарылған. Қалғандары ертесіне пейджерлер мен техниканың басқа да түрлері жарылған уақытта опат болған. Олардың дені әлемнің бірқатар елінде террористік ұйым деп танылған "Хезболла" радикал тобының мүшелері мен солардың туыстары. Қаза болғандар арасында төрт бала бар, деп хабарлады New York Times газеті. Екі күнде жарылыстардан үш мыңнан аса адам жараланған.

Ливан үкіметі жаппай шабуыл жасады деп Израильді айыптап отыр. Израиль билігі әзірге шабуылға қатысы бар-жоғын растамады, жоққа да шығармады. Алайда NYT Израиль әскери мекемелеріндегі он екі дереккөзге сүйене отырып, осы шабуылдардың артында Израиль тұрғанын жазды. Дереккөздер күрделі операция бірнеше ай бойы дайындалғанын айтқан.

Газет мәліметінше, Израиль пейджерлер шығаратын кем дегенде үш халықаралық компанияны баяғыда құрған. Олардың арасында Венгрияда тіркелген B.A.C. Consulting фирмасы да бар. Компания қарапайым азаматтар үшін қауіпсіз пейджерлер дайындаған. Ал "Хезболла" тапсырысымен дайындалған пейджерлердің батареяларына жарылғыш орнатылған.

"Хезболла" пейджерлерді 2022 жылғы жазда тапсырыспен алдырта бастаған, кейін тапсырыс көлемі ұлғайған. Себебі радикал ұйым смартфондар қолданудан бас тартқан.

"Хезболла" Израильден кек алуға серт берген. Израиль қауіпсіздік қызметі радикал топ жақында шабуылға шығады деп болжайды. Елде әскери дайындық күшейтілді.

XS
SM
MD
LG