Ссылки доступа

Тәжікстанда биыл жазда жеті журналист пен блогер қамалды


Абдусаттор Пирмухаммадзода
Абдусаттор Пирмухаммадзода

Тәжікстан билігі журналистерді қудалау науқанын жалғастырып жатыр. Алайда билік бұл істерге қатысты сауалдарға жауап беруден қашқақтайды.

Өткен демалыс күндері ІІМ қызметкерлері мемлекеттік телеарнаның бұрынғы тілшісі Завкибек Саидаминиді ұстады. Соңғы уақытта ол құрылыста жұмыс істеген, бірақ блог жүргізген.

Бір күннен соң билік мемлекеттік радионың бұрынғы қызметкері Абдусаттор Пірмұхаммадзоданы ұстады. Ол да таксидегі жұмысынан бос уақытта блог жүргізген. Екеуі де әріптестерін ұстаған билікті сынаған.

Завкибек Саидамини мен Абдусаттор Пірмұхаммадзоданың қамауға алынуын Тәжікстандағы журналистер қауымы билік репрессиясының жалғасы деп түсінеді.

"Мемлекеттік құрылымдар қоғам пікірін бақылауда ұстауға талпынып жатыр, бірақ оның бұл әрекеті әлемдік қауымдастықтың сынына ұшырайды", - дейді Тәжікстан тәуелсіз БАҚ қауымдастығының басшысы Нүриддин Каршибоев.

Тәжікстанда соңғы бір айда жеті журналист пен блогер қамауға алынды. Алайда билік олардың ісіне қатысты сауалдарға жауап беруден қашқақтайды. Бұған қоса, елде белгісіз біреулердің журналистерге шабуылдауы, сонымен бірге ішкі істер бөліміне жөнсіз шақыртуы жиілеп кетті. Билік өкілдері журналистердің ұялы телефондары мен компьютерлерін алып қояды. Қудалауға ұшырағандардың бәрі әлеуметтік желілерде белсенді болған.

Билік әуелі 18 мамырда журналист Ульфатхоним Мамадшоеваны ұстады. Ол соңғы кездері азаматтық қоғамда да белсенді қызмет атқарып жүрген. Билік Мамадшоеваны Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдайды ушықтырып, билікті тайдыруға үндеді деп айыптады.

Ұсталған журналистердің бірі Хушруз Жұмаев памир халықтарының тілі мен мәдениеті туралы блог жүргізген. Хорогтағы қараша наразылығынан соң ол "Комиссия 44" ұйымының мүшелеріне көмектесіп жүрген. Жұмаевты конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге үндеді деп айыптап отыр.

16 маусымда "Комсомолец Таджикистана" газетінің бұрынғы журналисі Мамадсұлтон Мавлоназаров ұсталды. Ал 18 маусымда Далер Имомали мен Абдулло Гурбати қамауға алынды.

Билік Завкибек Саидаминиді не себепті ұстағаны әзірге белгісіз. Оны ұстаған күннің ертесіне Вахдат қаласының ішкі істер бөліміне Абдусаттор Пірмұхамадзоданы шақыртты. Екі күн бұрын милиция қызметкерлері оның телефонын тартып алып, әлеуметтік желілерде ештеңе жазбауын талап етті.

Тәжікстанда тағы үш журналист түрмеде отыр. Олар кезінде елде тыйым салынған Ислам өркендеу партиясының газетінде істеген. Тәжік соты Рахматулло Раджаб пен Абдукаххор Давлатты 28 жылға, ал Хикматуллох Сайфуллозоданы 16 жылға соттаған.

XS
SM
MD
LG