Палестиналық ХАМАС тобының бақылауындағы Газа секторы денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, адамдар гуманитарлық көмек күтіп тұрған уақытта израильдік жауынгерлер оқ атқан.
Палестиналық дереккөздердің мәліметінше, көмекке зәру адамдарға танктер мен автоматтардан оқ атылған. Сектордың денсаулық сақтау министрлігі жүзден астам адам өліп, 760 адам жараланды дейді.
Израиль қорғаныс армиясы азық-түлік жеткізушілерді тонауға әрекеттенгендердің өздерін кінәлап отыр. Әскер өкілдерінің мәлімдеуінше, Газа тұрғындары гуманитарлық жүкті тонауға әрекеттеніп, тапталыс туғызған. Адамдардың бірқатарын жүк көлігі қаққан. Израиль шенеуніктерінің The Washington Post газетіне берген мәліметіне қарағанда, әскерилерге қарсы беттеген адамдарға ғана оқ атылған.
Египет, Иордания және Палестина автономиясының ресми билігі Израиль әрекетін айыптады. Oxfam гуманитарлық көмек желісі Израиль билігін бейбіт халыққа шабуылдады деп сынады. ХАМАС өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл оқиға секторда бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөздерге кедергі келтіреді.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің бейсенбідегі мәліметінше, секторда әскери операция басталғалы бері израильдік жауынгерлер әрекеттерінен 30 мыңнан астам адам өлген. Әскери операция бастауға ХАМАС содырларының 7 қазанда Израильге шабуылдап, 1200-ге жуық адамды өлтіруі себеп болған.