Жыл сайын жарияланып тұратын баяндамада әлемнің шамамен 200 еліндегі дін еркіндігінің жағдайы сипатталған. Олардың арасында Өзбекстан да бар.
АҚШ үкіметінің дерегінше, Өзбекстанда 35 миллион мұсылман-сүннит және 122 мың шиіт, 822 мың православ христиан және 540 мыңнан астам басқа да дін өкілі тұрады.
Конституцияда мемлекет пен діни ұйымдар бөлек, ал мемлекет діни ұйымдардың қызметіне араласпайтыны айтылған. Сәуірде қабылданған ата заңда ел «зайырлы мемлекет» деп сипатталған.
Мемлекеттік департаменттің 2022 жылғы баяндамасында Өзбекстан түрмелерінде терроризм мен экстремизм немесе діни фундаменталистік ұйымдарға мүше деген айыптармен сотталған 1800-ден астам адам отырғаны жазылды.
«Үкімет осы жолы діни экстремизм немесе діни фундаменталистік ұйымдарға мүше болғаны үшін сотталғандар туралы мәлімет бермеді. Жергілік БАҚ діни әрекеті үшін сотталған, болмаса үйқамаққа алынған кем дегенде бес адам туралы хабарлады» делінген баяндамада.
Департамент есебінде Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінің студенті Жахангир Ұлұқмұродов пен 21 жастағы IT маманы Сардор Рахмонқұлов істері туралы баяндалған. Олар әлеуметтік желілер арқылы діни ән жолдағаны үшін жазаланған. Сардор Рахмонқұлов сыныптасына үш жыл діни ән жолдағаны үшін бес жылға сотталған, бірақ қоғам наразылығынан кейін екі жыл сынақ мерзімін алған.
Мемлекеттік департаменттің «Форум 18» ұйымына сүйене отырып мәліметінше, билік рейд ұйымдастыру, үйлерді тінту, ұстау, діни дәріс үшін әкімшілік жазалау, қылмыстық қудалау әдістерінің көмегімен елдегі мұсылмандарға бақылау орнатып отыр.
Вашингтонның ресми есебінде жала жабу, қылмыстық істерді ойдан құрастыру, сонымен бірге діни тұтқындардың түрмедегі мерзімін жаңа айып тағу арқылы ұзарту әдістері әлі бар екені айтылған.