Ссылки доступа

Dubai Unlocked: тәжік премьер-министрінің әйелі Дубайда екі виллаға иелік етеді


Ұйымдасқан қылмыстарды және коррупцияны зерттеу орталығының (OCCRP) эксперттері Dubai Unlocked жобасы аясында Дубайда Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзоданың әйелі Икболхон Нозированың жылжымайтын мүліктері бар екенін анықтап шықты.

Құжаттарға сәйкес, Нозирова Mira Oasis 3 тұрғын үй кешеніндегі 1 миллион 436 мың доллардан астам сомаға бағаланған екі виллаға иелік еткен. Орталық мамандары бұл мүліктер сатылып алынған қаржының көзі белгісіз екенін айтады.

Икболхон Нозирова осыған дейін мәдениет мекемелерінде жұмыс істеген. Күйеуі Соғды облысының басшысы болып тұрған жылдары ол Хожент қаласындағы "Кохи Рудаки" мәдени орталығын басқарған. Кохир Расулзода Душанбеге аударылғаннан кейін оның қай жерде істегені белгісіз.

63 жастағы Кохир Расулзода Тәжікстанның премьер-министрі болып 2013 жылдың қараша айында тағайындалды. Оған дейін мелиорация және су ресурстары министрі, Соғды облысының төрағасы қызметтерін арқалап, Тәжікстан парламенті жоғарғы палатасының депутаты болған.

OCCRP'дің Dubai Unlocked жобасы Дубайдағы қымбат бағалы мүліктердің иелері жөніндегі мәліметтерді жарыққа шығарады. Әлемнің 70-тен астам елінен жиналған журналистер Дубайдағы мыңдаған жылжымайтын мүліктер жөнінде жарияланып кеткен материалдарды тексерген. Құжатта негізінен 2020 және 2022 жылдарда түзілген сатып алу келісімдері қамтылған.

2022 жылы OCCRP зерттеушілері Швейцарияның Credit Suisse банкінде Тәжікстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, Соғды облысы және Гиссар қаласының бұрынғы басшысы Косим Рохбардың атына ашылған банк есебі бар екені анықталғанын білдірген. Олардың айтуынша, Рохбардың есебінде 2004 жылдан 2011 жылға дейін 10 миллион долларға жуық ақша болған.

OCCRP 2018 жылы "Тәжік темір жолдары" мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Амонулло Хукумовтың отбасы Чехияның курорттық аймақтарында жалпы бағасы 10,6 миллион доллардан астам алты жылжымайтын мүлікке иелік ететіні анықталған. Хукумовдордың Мәскеу қаласында да 1,1 миллион долларлық пәтері бар екенін мәлім болған.

XS
SM
MD
LG