"Сараптамалар қорытындысында мамандар денсаулығыма ауыр зақым тигенін анықтады. Жиналған материалдар, Қырғызстан Бас прокуратурасы арқылы, кінәлілерді анықтап, оларды қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанның құзырлы органдарына жолданады", - дейді Рузахунов.
Қазақстанда қаңтар оқиғасынан соң құқық қорғау органдарының қызметкерлері қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, соққыға жыққан. Оның қамауда отырғаны қазақстандық мемлекеттік медиа таратқан бейнероликтен мәлім болды. Онда Викрам "базбұзар" ретінде сипатталған. Видеода беті көгерген "күдікті" Қырғызстанда "жұмыссыз қалып", 90 мың теңге үшін Қазақстандағы наразылыққа қатысуға келіскенін "мойындаған".
Видеода ұсталған азаматтың аты-жөні айтылмады. Қырғызстандықтар оның джаз музыканты, пиансит Викрам Рузахунов екенін видеодан таныды. Қырғызстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ол Жаңа жыл қарсаңында Алматыдағы концертке шақырту алған.
9 қаңтарда Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдында Рузахуновты жақтаушылар митинг өткізді. Оның жиырма шақты әріптесі мен жақтаушысы мән-жайды анықтауды талап етті. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанға наразылық нотасын жолдады. Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі музыканттың ұсталғанына алаңдайтынын білдірді.
Артынша Викрам бостандыққа шығып, Бішкекке жеткізілді. Содан кейін оған ауруханада ота жасалды. Викрам Рузахунов өзін қазақ құқық қорғау органдары қызметкерлері азаптағанын мәлімдеді. Музыканттың қабырғалары сынған, миы шайқалған.
Қазақстанда "азаптау" бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қырғызстан милициясы да Рузахуновтың азапталуына байланысты іс ашып, сараптамалар тағайындады. Биыл мамыр айында Қазақстандағы қылмыстық іс уақытша тоқтағаны мәлім болды, өйткені Викрам тергеу шараларына қатысу үшін Алматыға келуден бас тартты.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза болды.