Ссылки доступа

Ердоған Путинді соғысты тоқтатуға шақырды 


Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин 
Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей президенті Владимир Путин 

Түркия президенті Режеп Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Олар екі елдің қарым-қатынасы, энергетика мәселелері және Украина мен Сириядағы қақтығыс жайлы сөйлескен. Бұл жөнінде "Анадолу" агенттігі жазады. 

Ердоған Украинадағы соғысқа қатысты Путинге "бейбітшілік пен диалог болу үшін соғыс әрекеттері біржақты тоқтатылып, келіспеушіліктер әділ реттелуі тиіс" деген.

Агенттік Путиннің сөздеріне қатысты ешқандай сілтеме бермеді.

Кремльдің баспасөз қызметі Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу жайында Ресей президентінің Ердоғанға "батыс елдерінің деструктивті рөлі жайында" айтқанын жариялаған.

Путин Киевпен диалогқа дайын екенін, бірақ Украина билігі Ресей тараптың барлық талаптарын орындап, "жаңа территориалдық шындықты" қабылдауы тиіс деген.

Украина президенті Владимир Зеленский Қырымды қосып алғанда, барлық басып алынған аумақ қайтарылған жағдайда ғана Киев Мәскеумен келіссөзге келуге дайын екенін бірнеше рет айтқан болатын. Мәскеу болса, Украинаның аннексияланған Қырым мен төрт облыстың Ресейге өткенін мойындауы тиіс дейді.

Путинмен сөйлескеннен кейін, Ердоған Зеленскиймен де телефон арқылы әңгімелескен. Ол Киев пен Мәскеу арасындағы қақтығыста арағайын болуға дайынмын деген.

Украина президенті түрік әріптесіне армиясын күшейту маңызды екенін, соғыста эскалацияда проблема барын жеткізген. Ол сонымен бірге ядролық қауіпсіздік пен Запорожье АЭС-ін толық қарусыздандыру мәселесін көтерген.

Түркия – Украинаға қатысты Ресейге қарсы санкцияларға қосылмаған НАТО-ға кіретін жалғыз мемлекет. Бірақ Анкара Киевке гуманитарлық көмек пен қару жеткізіп келеді.

XS
SM
MD
LG