Ссылки доступа

Ереван Лукашенконың Қарабақ жайлы сөзінен соң Минсктегі елшісін елге шақырды


Александр Лукашенко мен Никол Пашинян
Александр Лукашенко мен Никол Пашинян

Армения Беларусьтегі елшісі Размик Хумарянды Ереванға кеңесуге шақырды. Бұл туралы Армения сыртқы істер министрлігінің телеграм-арнасы жазды.

Мұның алдында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Александр Лукашенко билікте отырғанда Беларуське ешқашан бармайтынын айтқан. Пашинян бұған Лукашенконың соғыс жайлы айтқан мәлімдемесі себеп болды деп мәлімдеді. Былтыр Әзербайжан cоғыс арқылы Армениядан Таулы Қарабақты толық бақылауға алған. Мамырдың аяғында Бакуге барған Лукашенко Әзербайжанның Қарабақтағы соғысын "азаттық үшін" деп атады.

Пашинян Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығу туралы шешіміне Лукашенконың Таулы Қарабақтағы соғыс жөнінде айтқан ұстанымы түрткі болды деді. Армения бұған дейін ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтата тұрған, мамырдың басында Ереван ҰҚШҰ қызметіне қаржы бермейтінін мәлімдеген.

Пашинян ҰҚШҰ-ны "көпіршік ұйым" деп атап, "ұйым мүшелері Арменияға Әзербайжанмен соғыста көмектесуге ештеңе істемеді, керісінше, Бакуге оны жоспарлауға көмектесіп, жеңіске жетуді қалады" деген еді.

"Беларусь ұйымнан шықса немесе Лукашенко кешірім сұраса, ҰҚШҰ бойынша Ереван позициясын өзгертуі мүмкін" дейді Пашинян.

Ереванда қазір оппозиция митингісі болып жатыр. Наразылар Армения парламенті ғимараты алдына шатырлар қойған. Олар Пашинянды Әзербайжанмен арадағы шекара келісіміне байланысты "ұлттық мүддені сатты" деп айыптап жатыр.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді. Бұл ұйым өз тарихында бір рет – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға бірлескен әскер жіберген.

XS
SM
MD
LG