Ссылки доступа

Финляндия Ресей шабуыл жасаса, қарсы күресуге дайын екенін мәлімдеді 


Фин армиясының сарбаздары, Канкаанпаада жаттығу кезінде, Финляндия, 4 мамыр, 2022

Ресей Финляндияға шабуыл жасайтын болса, ел армиясы оларға қарсылық көрсетуге дайын. Осылай деп Финляндияның Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, генерал Тимо Кивинен мәлімдеді.

Оның сөзінше, Финляндия ондаған жылдар бойы қазір Украинада болып жатқандай соғысқа дайын болып келген. Кивинен егер мемлекет НАТО-ға кірсе де, аймақтың тұтастығын қорғау үшін басты жауапкершілік Финляндияның өзінде қалатынын атап өтті.

"Финляндия жоспарлы түрде өзінің қорғанысын арттырып келеді. Бүгінгі күнге дейін ел 370 шақырым қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандар алды. Сонымен бірге төрт әскери кемеге және F-35 үлгісіндегі 64 соғыс ұшағына тапсырыс берді. Бұдан бөлек Финляндия 2 мыңға дейін ұшақсыз ұшақтарды, әуеден қорғану құралдарын сатып алуды және Ресеймен шекараға қорған салуды жоспарлап жатыр", – деді Кивинен.

Финляндия ХХ-ғасырдың 40-жылдарында Совет одағымен екі рет соғысқан: 1939-1940-жылдары болған соғыста өлке өз аймағының бестен бір бөлігін жоғалтып, бірақ тәуелсіздігін сақтап қалған. Екінші рет Финляндия мен Совет одағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де жауласқан. Екі соғыстан жалпы 100 мыңға жуық финн әскері құрбан болған.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Финляндия бейтарап өлке болуды шешкен. Содан бері бейтараптықты сақтап келген финн билігі биыл ақпанда Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін, НАТО-ға кіру ниетін білдірді. Қазір Финляндияны Солтүстік атлантикалық альянсқа қабылдау бойынша сөйлесулер жүріп жатыр.

Ресей болса Финляндияның НАТО-ға кіретін ниетін айыптап келеді.

Финляндия жыл сайын қорғануға мемлекет бюджетінің 2 пайызын бөледі.

XS
SM
MD
LG