Ссылки доступа

Камала Харрис президент сайлауына түсуге дайын


АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байден президент сайлауы бәсекесінен шығатынын мәлімдеді. Ол демократтар атынан президенттікке кандидат ретінде өзінің вице-президенті Камала Харристі ұсынды. Енді демократиялық партия Харристі кандидат ретінде бекітуі тиіс.

Егер Демократиялық партия 59 жастағы Камала Харристі кандидат деп таңдаса, ол ірі партия атынан сайлауға түсетін алғашқы қара нәсілді әйел болмақ. Харрис бұған дейін прокурор және Калифорния атынан сенатор болған еді.

Ол вице-президент қызметінде иммиграция, сайлау құқығы және бала мен ата-ана құқығы сынды мәселелермен айналысқан.

Демократиялық партия атынан кандидат болуға Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом, Мичиган губернаторы Гретхен Уитмер, Иллинойс губернаторы Джей Роберт Притцкер де аталған.

Дегенмен Харрис партия ішінде басқалардан бір бас жоғары тұр. Себебі оның кандидатурасы туралы осыған дейін де айтыла бастаған және оның сайлау науқанына арналған қаржыны пайдалануға мүмкіндігі бар.

Харристің де қазіргі рейтингі төмендеу. Бірақ сарапшылар америкалықтардың көбі Харристі әлі жақын танымайтынын, оның сайлау науқаны кезінде беделін көтеруге мүмкіндігі барын айтады.

АҚШ-тың қазіргі президенті әрі келесі сайлауға қайта қатысады деген Джо Байден 21 шілдеде X желісінде Демократиялық партия мен өз елінің мүддесі үшін биыл қарашада өтетін президент сайлауына түсуден бас тартқанын жазды. Ол енді президенттік мерзімі аяқталғанша "міндетін атқаруға көп көңіл бөлемін" деді.

Маусымда АҚШ президенттігінен басты үміткерлер - қазіргі президент Джо Байден мен Республикалық партияның үміткері, экс-президент Дональд Трамптың теледабаты өткен. Сол пікірсайыстан соң 81 жастағы Байденнің денсаулығына қатысты әңгіме көбейіп, Демократиялық партияның кей өкілдері оны сайлауға түсуден бас тартуға шақырған.

XS
SM
MD
LG