Ссылки доступа

Илон Маск Украинадағы соғысты тоқтататын "сценарий" ұсынды


Илон Маск

Америка бизнесмені, миллиардер Илон Маск Украинадағы соғысты "тоқтататын" төрт ұсыныс жасады. Ол твиттерінде Украина мен Ресей арасында бейбітшілік орнату үшін төрт шарт керек екенін айтты.

Илон Масктың ойынша, Ресей аннексиялаған аумақта БҰҰ бақылауымен қайта референдум өтуге тиіс. Егер ол жердің халқы Украинада қаламыз десе Ресей шегінеді. Қырым Ресейде қалып, сумен қамтамасыз етілетініне кепілдік алуға тиіс. Ал Украина бейтарап статуста қалғаны жөн.

Илон Масктың есебінше, соғыс соңы бәрібір осылай аяқталады, айырмасы соғысып жатқан екі елдің қанша шығынға ұшырайтынында ғана. Оның сөзінше, өзге жол тек ядролық соғыс болуы мүмкін.

Маск өзінің постының астына осы ұсынысына байланысты дауыс беруге шақырған. Мәскеу уақытымен сағат 21-де 700 мыңға жуық адам дауыс берген, оның 59,6 пайызы қарсы болып, 40,4 пайызы қолдаған. Пост жариялаған соң Илон Маск боттардың шабуылына ұшырағанын айтқан.

Илон Масктің твиті әлеуметтік желіде көп талқыланып, оған Украинаның ресми тұлғалары да қатысты. Украина президенті офисі жетекшісінің кеңесшісі Михаил Подоляк өзінің үш тезисін ұсынды: Украина Қырыммен қоса өз аумағын азат етеді; Ресейде демилитаризация жасалып, ядролық қаруынан айырылады; соғыс қылмыскерлері сотқа жіберіледі.

Украина президенті Владимир Зеленский телеграм-арнасында өз оқырмандарын дауыс беруге шақырып, Украинаны қолдайтын Илон Маск ұнай ма, Ресейді қолдайтын Илон Маск ұнай ма деген сауал қойды.

  • Илон Маск – SpaceX және Tesla компанияларының негізін салушы, әлемдегі ең бай адам. Ол дәулеті 300 миллиард доллардан асқан тарихтағы алғашқы бизнесмен. Маскті Time журналы 2121 жылы "Жыл адамы" деп жариялаған.
  • 2022 жылы күзде Twitter әлеуметтік желісіне иелік ететін Twitter Inc компаиясын сатып алатын мәлімдеп, кейін айнып қалған.
XS
SM
MD
LG