Ссылки доступа

Иранда хиджаб кимеген әйелдерді видеокамералар арқылы анықтайды


Иран билігі хиджаб кимеген немесе "тиісті дәрежеде оранбаған" әйелдерді анықтау үшін қоғамдық орындарға бақылау камераларын орната бастады. Бұл жөнінде полиция хабарлады.

Полиция хиджаб ережесін сақтамаған әйелдерге "ескерту хабарламасын" жіберетін айтты.

1979 жылы Иран билігіне радикалды діни топтар келген соң әйелдерге хиджаб кию міндетке айналған. Ережені орындамағандарға айыппұл салынады немесе қамалады. Елде басына орамал тақпаған әйелдерге көшеде шабуылдау жағдайы жиі кездеседі.

Былтыр қыркүйекте Иранның әдеп полициясы "хиджаб кию ережесін бұзды" деген айыппен 22 жастағы Махса Әминиді ұстаған. Әмини полиция бөлімінен ауруханаға түсіп, бірнеше күннен соң қаза болған.

Әминидің туыстары оның күштік құрылымның қолынан қаза болғанын айтады.

Әмини өлімінен кейін Иранда наразылық тұтанды. Жұрт полицияның күш қолдануына қарсы наразылық жасап, елді демократияландыруды, аятолла Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап еткен.

Наразылық күшпен басып-жаншылды. Құқық қорғаушының айтуынша, жаппай наразылық акциясы кезінде 600-ден астам адам өлтірілген, шамамен 20 мың адам қамалған. Бірнеше адам дарға асылды.

2023 жылы наурызда АҚШ "әйелдердің құқығын өрескел бұзуға қатысы бар" ирандық ресми тұлғалар мен ұйымдарға санкция салған.

XS
SM
MD
LG