Ссылки доступа

Иран арнайы қызметі Азаттық тілшісінің мәйітін туыстарына бермеді


Реза Хагигатнеджад
Реза Хагигатнеджад

Иран арнайы қызметінің өкілдері Берлинде көз жұмған журналист Реза Хагигатнежадты туған қаласында жерлеуге кедергі келтірді.

Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы тілшісінің мәйіті Иранға биліктің келісімімен жерлеуге жеткізілген. Алайда Фарда радиосының мәліметінше, Ислам революциясы сақшылар корпусының агенттері мәйітті тартып алып, белгісіз жаққа алып кеткен.

Саяси сарапшы Реза Хагигатнежад Азат Еуропа/Азаттық радиосында 2019 жылдан бері істеген. 17 қазанда Берлиндегі "Шарите" клиникасында қатерлі ісіктен көз жұмды. Туыстарының айтуынша, Иран билігі оны туған қаласы Ширазда жерлеуге рұқсат берген. Марқұмның денесі Иранға 25 қазанда жеткізілген. Фарда радиосының хабарлауынша, билік қазір туыстарына қысым жасап, марқұмды басқа қалада жерлеуге көндіруге тырысып жатыр.

Билік әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Иранда 22 жастағы құқық қорғаушы Махса Аминидің өлімінен кейін тұтанған наразылық акциялары жалғасып жатыр. Полиция оны "хиджабты кию нормасын сақтамады" деп көшеде ұстаған. Кейін құқық қорғаушы жұмбақ жағдайда қаза болды. Куәгерлер оны полицияда ұрып соққанын айтты. Ал билік оның "аурудан көз жұмғанын" хабарлады. Қыркүйек ортасынан бері жалғасып келе жатқан наразылық акциясына қатысушылар құқық қорғаушының өліміне полицияны кінәлап жатыр. Наразылықты басып-жаншу кезінде полиция қару қолданды, 200-ден астам адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG