Ссылки доступа

Израиль парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуді жоспарлап жатыр 


Израильде басқарушы коалиция парламентті таратып, жаңадан сайлау өткізуге ниеттеніп жатыр. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды. 

Ақпаратқа қарағанда, Кнессетте парламентті тарқату бойынша дауыс беру келесі аптада өтеді. Егер бұл ұсыныс депутаттардың қолдауына ие болса, онда сайлау күзде өтіп, бұл Израильде соңғы үш жылдың ішінде бесінші парламент сайлауы болмақ.

Израиль үкіметінің басшысы Нафтали Беннет пен сыртқы істер министрі Яир Лапид 2021 жылы маусымда коалициялық көпшілікті құру туралы келісімге қол жеткізген. Оған сәйкес, алғашқы екі жылда премьер-министр қызметін Беннет атқарып, кейін оны Лапид алмастыруы керек болған.

Израильдің қазіргі үкіметі басынан бері сынға қалып келген: ол сегіз партияның өкілдерінен құралған, арасында оңшылдар, әсіре солшылдар, центристер, діни партиялар мен араб топтары бар.

Парламент бүгінгі күнге дейін елдің жаңа бюджетін қабылдап, негізгі қызметтерге тағайындау жасап, араб елдерімен келісімге қол жеткізген. Бірақ Кнессет мүшелері мемлекет пен дін ортасындағы мәміле, Израильдегі араб халқының құқықтары және Иордан дариясының батыс жиегіндегі таласты аймақтардағы саясат бойынша әлі жанжалдасып келеді.

New York Times парламентті таратып, жаңа сайлау өткізу елдің бұрынғы премьер-министрі Беньямин Нетаньяху үшін өте ыңғайлы болып жатқанын жазады.

Нетаньяху Израиль үкіметті екі рет басқарып (1996-1999 жылдары және 2009-2021 жылдары), ел тарихында бұл қызметте ең ұзақ болған (15 жыл 3 ай) лидер.

XS
SM
MD
LG