Ссылки доступа

Қазақстандықтарды Астраханды «фашистік Путин билігінен» азат етуге шақырған ресейліктің үстінен іс қозғалды


Ресейде Астрахан облысының тұрғыны Сергея Т.-ның үстінен «терроризмге үндеу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Astra басылымы жазды. Қазақстандықтарға видеоүндеу жариялаған Сергейдің өзі қазір Грузияда тұрады.

Телеграм-арнасына жариялаған видеода ол «Астрахан ежелден қазақтардың жері» деп айтқан. «Осы сәтті пайдаланып, оны фашистік Путин билігінен азат етіңдер. Ол жеріміздің бәрін ластап, адамдарды боққа белшеден батырды» деген Қазақстан тұрғындарына үндеу жолдаған Сергей.

«Біздің адамдар путиндік арамтамақтардан өз аумағын азат ете бастады» деген ол Белгород облысындағы оқиғаларды меңзеген. Бұның алдында осы өңірге Украина жағында соғысып жүрген «Орыс еріктілері корпусы» мен «Еркін Ресей» легионы кірген.

Күш құрылымдарының өкілдері Сергей осы сөздерімен «Орыс еріктілері корпусы» мен «Еркін Ресей» легионы әрекетін ақтады, Қазақстан тұрғындарын Ресейде теракт жасауға шақырды деп есептейді.

«Орыс еріктілер корпусы» мен «Еркін Ресей» легионының жауынгерлері 2023 жылғы көктем-жаз маусымдарында Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарына бірнеше мәрте шабуылдаған. Аталған топтардың өкілдері Путин жүйесі мен оның соғысына қарсы шыққанын мәлімдеген. Алайда журналистер осы екі ұйымның кейбір жауынгерлері ұлтшыл екенін, Ресейде экстремизм бабымен қудаланғанын анықтаған.

XS
SM
MD
LG