Саясаттанушы Андрей Чеботарев 11 қыркүйекте Facebook-те осылай деп хабарлады.
"Жыл басында өтініш бердім. Кешірім жасау жөніндегі комиссия оны қарап, қанағаттандырды. Президент бұл шешімді мақұлдады. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу – түрме болмаса да адам құқығы мен еркіндігін қатаң шектеу" деген Сыроежкин сөзін "Информбюро" сайты жариялады.
Биыл сәуірде Константин Сыроежкин түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты деген хабар тараған. Ол түрмеде бес жыл отырды.
2019 жылы Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Константин Сыроежкинді "Мемлекетке опасыздық жасау" (175-бап, 1-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға соттаған.
Құпия саналатын бұл іс жайлы 2019 жылы америкалық Wall Street Journal (WSJ) басылымы жазған. Басылым барлау қызметкерлері Сыроежкинді өз пәтерінде "құпия операция барысында ұстаған" деп хабарлады. Бұл істен хабары бар дереккөзіне сілтеме жасаған басылым "Сыроежкин Қытайдың барлау органымен байланысы бар адамдарға құпия құжаттар берген болуы мүмкін" және "сол үшін ақшалай сыйлық алуы ықтимал" деп жазды.
WSJ Қытай билігі Сыроежкиннің ісін "жоқтан бар жасап құрастырылған жаңалық" деп атағанын айтады. Басылым ғалымды тұтқындау "Қазақстанда Қытайдың ықпалына байланысты алаңдаушылық күшейіп келе жатқанын" көрсетеді деп жазған еді.
Сонымен бірге WSJ Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болған жылдары Сыроежкин оның Қытай мәселелері бойынша кеңесшісі болғанына назар аударған. Газеттің дерегінше, Сыроежкин Тоқаевқа Қытаймен шекараны бірлесіп демаркациялау туралы келіссөздер кезінде кеңес берген.
68 жастағы Константин Сыроежкин Алматыда дүниеге келген. СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жоғары мектебін бітірген, 2006 жылдан Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген Константин Сыроежкин Қазақстандағы белгілі қытайтанушылардың бірі саналады.