Ссылки доступа

Қазақстан еңбек мигранттарын тексеруді күшейтті


Қазақстан Ресейдің артынша еңбек мигранттарын тексеруді күшейтті. Бұл жөнінде Азаттықтың тәжік қызметі (Озоди) хабарлады.

Қазақстанда жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары басылым редакциясына жергілікті полиция тексеруді күшейтіп жатқанын жеткізген.

"Уақытша тұру куәлігі болса да, ұстап, оларды депортациялаған оқиғалар кездесті", - дейді сұқбат беруші Озоди радиосына.

7 мамыр күні Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанға баратын азаматтарына өздерімен бірге рұқсат құжаттары болуы тиіс екенін ескертті. Мекеме мұны Қазақстан әуежайларында тексеру күшейгенімен түсіндіреді.

Қазақстан полициясы осыған дейін Ұлытау облысында жұмыс істеп жүрген 16 мигрантты депортациялағанын хабарлаған. Олардың тоғызы Тәжікстан азаматы болса, жетеуі - Өзбекстан азаматы.

"Шетел азаматтары ешқандай рұқсат құжатсыз Сәтпаев қаласында жұмыс істеп келген. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында олар ел аумағынан шығарылды", - деп хабарланды.

Наурыз айында Мәскеу түбінде теракт орын алғаннан кейін, Ресейде мигранттарды тексеру күшейді.

Сәуір айының басында Түркия Тәжікстанмен визасыз жүйені алып тастады. Грузия да Тәжікстан азаматтарына тексеруді күшейтті.

XS
SM
MD
LG