Ссылки доступа

Пригожин компаниялары бүліктен кейін де 1 млрд рубльдің келісім-шартына отырған


Евгений Пригожинге байланысы бар компаниялар "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының бүлігінен кейін мектептер мен ауруханаларға тауар жеткізуге қатысты келісім-шарттар алуды доғармаған. Бұл туралы RTVI 24 маусымнан кейін келісім-шартқа отырғандарға сілтеме жасай отырып хабарлады.

Тоғыз келісім-шарттың жалпы құны 1 миллиард 64 миллион рубль болған. Тапсырыстардың көп бөлігін Мәскеу облысындағы Мытищи әкімшілігінің білім басқармасы түсірген. Ол "Продфутсервис" компаниясымен 705 млн рубльдің келісім-шартына отырған. Құжатқа сәйкес, фирма 2023-2025 жылдары Мәскеу облысындағы мектептерге тамақ жеткізеді.

Бұдан басқа Пригожинге байланысы бар "АВК", "Комбинат дошкольного питания" және "Руссоцкапитал" компаниялары келісім-шартқа отырған. Тапсырыс берушілер арасында Мәскеудегі ауруханалар мен емханалар, "Артек" балалар лагері бар.

"Вагнер" әскери тобын Владимир Путинге жақын бизнесмен Евгений Пригожин 2014 жылы құрған. Олар Донбастағы сепаратистік қозғалысқа қолдау көрсеткен, Африка мен Таяу Шығыстағы қарулы жанжалдарға қатысқан. "Вагнер" көптеген әскери қылмыс жасаған, адамдарды сотсыз, тергеусіз өлтірген деген қылмыстық топ ретінде сипатталады. Алайда Владимир Путин "Вагнерге" Ресейдің қатысы жоқ деп мәлімдеген.

Ресей Украинаға жаппай басып кіргенде "Вагнер" де белсене атсалысқан. Ресей билігі Пригожиннің түрме аралап, жалдамалы жинауына рұқсат берген. Ақыры Ресей қорғаныс министрлігінің басшылығымен жанжалдасқан Пригожин 23-24 маусымда Мәскеуге "әділет жорығын" бастап, 200 шақырым қалғанда райынан қайтқан. Владимир Путин осы кезде "Вагнерді" Ресей қаржыландырып келгенін алғаш рет ашық мойындаған.

Кейін Пригожин үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, "Вагнерді" Беларусь жеріне жіберген.

XS
SM
MD
LG