Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Алмагүл Жауынбаеваның арызы бойынша бірінші сот отырысы 1 тамызда қаралды. Келесі отырыс 14 тамызда өтпек. Жауынбаеваның бес бөлмелі үйін техникалық тексеру қорытындысында "күрделі жөндеуге жатады" деп жазылған. Әкімдік белгілеген бағалау комиссиясы үйге 19 млн теңгенің шығыны келген деп, оған өзге де дүние-мүлікке келген нұқсанды қоса есептеп, Жауынбаеваға жиынтығы 21 млн теңге өтемақы төлеуді ұсынған.
Бағалау комиссиясының есебіне күмән келтірген Алмагүл кейін 150 мың теңгеге маман жалдап, үйінің техникалық жағдайын қайта тексерткен. Сарапшы "үй бұзылуға жатады" деп қорытынды шығарыпты. Жауынбаева әкімдікке үш рет арызданғанын, бірақ нәтиже болмағанын айтты. "Қабырғалары жарылып жатқан үйді бұзып, қайта салмаса, жыл сайын жөндеумен әуре боламын" деген тұрғын бағалау комиссиясының шешімін өзгертіп, үйді қайта салатындай мөлшерде өтемақы есептеп беруді талап етеді.
– Үй бұзудың өзіне 2 млн теңге сұрап тұр жұмысшылар. Құрылыс материалдары да қымбаттап кеткен. Мен үйді қайта салуым керек. Оған ақша жетсе дауласпай, келісімшартқа қол қояр едім. Осы уақытта үйге кіретін уақытым болды ғой, – деп кейіді Алмагүл.
Бағалау комиссиясының қорытындысы негізінде белгіленген өтемақы көлеміне келіспеген Алмагүл Жауынбаева өтемақы әділетті болуын талап етіп, сотқа жүгінді. Үш баласы бар Алмагүл тасқын су қиратқан бес бөлмелі үйде 11 адам: өз отбасы, ата-енесі, қайнысы мен келіні екі баласымен бірге тұрғанын айтады. Сәуірден бері жалға алған пәтерде амалдап тірлік қылған отбасы қазір Құлсары қаласындағы Алмагүлдің қайынсіңлісінің бос тұрған үйінде тұрып жатыр.
Қазір Құлсары қаласында тасқын судан зардап шеккендердің баспанасын қалпына келтіру ісі қарқынды жүріп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, мыңнан астам адам жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Кейбірі ауласындағы жердің әбден кепкенін күтіп, "үйді келесі жылы саламын" деп отыр. Енді бірі әкімдік берген өтемақыға басқа жерден үй сатып алып, көшіп кеткен. Олардың арасында Атырау, Ақтөбе қалаларына қоныс аударғандар бар.
Ресми ақпарат бойынша, көктемде болған тасқын салдарынан Құлсарыда 3 мыңға жуық үй-жайды су алып, төрт адам қазаға ұшырады.
Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалау аяқталды. Ресми ақпарат бойынша, 2650 үй иесі әкімдікпен келісімшартқа отырған. Оларға 72 млрд теңгеге жуық өтемақы төленген. Келісімшартқа отырудан бас тартқан кей тұрғын "әділетті өтемақы" талап етіп, сотқа жүгінді.