Ссылки доступа

Алматыда Полина Гагаринаның концерті әнші соғысты қолдағаны үшін өтпейтін болды


Полина Гагарина (архивное фото)

Ресейлің эстрада әншісі Полина Гагаринаның Қазақстандағы концерті өтпейтін болды. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде соғысты қолдайтын әншіні шақыртқанын сынаған. Концерт сол себепті өтпейді, деп хабарлады "Арбат.медиа" басылымы.

Гагаринаның "Обезоружена" деп аталатын туры аясындағы концерті Алматы қаласында 14 ақпанға жоспарланған. Концерт аңдатпасы жариялана сала әлеуметтік желі қолданушылар "Қазақстанға Z-әртісті шақырған" ұйымдастырушыларды өткір сынады.

Концерт өтпейтіндігі әзірге ресми түрде хабарланған жоқ. Алайда оның аңдатпасы Гагаринаның, ұйымдастырушылардың және ірі билет сатушы агенттіктердің ресми сайттарынан жоғалып кетті. Артынша әлеуметтік желілерде әнші өкілдерінің мәселені талқылаған жазбасының көшірмесі жарияланды. Олар концерт өтпейтіндігін растаған.

Полина Гагарина Ресейдің Украинаға басып кіргенін қолдайтынын жасырмайды. 25 ақпанда ол тағы бір ресейлік әнші Николай Басковтың соғысты "бітімгерлік операция" деп атаған жазбасын "ұнатты". Наурыздың ортасында Гагарина Қырымды аннексиялаған күнге орай Мәскеу стадионында ұйымдастырылған концертте ән айтты.

Қарашаның басында Қазақстанда ресейлік әнші Филипп Киркоровтың екі концерті өтті. Ол да Украинадағы соғысты ашық қолдап жүр.

XS
SM
MD
LG