Ссылки доступа

Қырғызстанда тұмшаланып киінетіндерге айыппұл төлеу ұсынылды


көрнекі сурет
көрнекі сурет

Қырғызстанның Дін істері жөніндегі комиссия "Діни сенім еркіндігі және діни бірлестіктер жөніндегі" заңның жаңа нұсқасын ұсынды.

37 баптан тұратын құжатта қоғамдық және мемлекеттік мекемелерде адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салу жазылған. Заң жобасы 30 тамызда қоғамдық талқыға жіберілді.

Бұдан бөлек діни негізде партиялар және саяси бірлестіктер құруға, діни сөздерді партиялардың атауына және істеріне қолдануға, депутаттарға діни қызметпен айналысуға тыйым салу қарастырылған. Діни мекемелерде саяси сипатта ешқандай іс-шаралар өтпейді делінген.

Заңды бұзған адамға 20 мың сом, заңдық тұлғаларға 60-65 мың сом айыппұл төлеу қарастырылған.

Қырғызстанда жалпы 3,5 мыңнан астам діни ұйым тіркеуден өтті. Елде 2,6 мыңдай мешіт, 100-дей медресе, 10 ислам институты бар. Христиан бағытындағы ұйымдар саны - 399, қалғандары басқа дінге тиесілі.

XS
SM
MD
LG