Ссылки доступа

МАГАТЭ Украинада "лас бомба" іздері табылмағанын хабарлады


Глава МАГАТЭ Рафаэль Гросси
Глава МАГАТЭ Рафаэль Гросси

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) 3 қарашада ұйым сарапшылары тексерген Украина нысандарынан "лас бомба" іздері табылмағанын хабарлады.

"Украинаның үш нысанында жарияланбаған ядролық белсенділік байқалған жоқ" дейді ұйым өкілдері. Олар Киевтегі ядролық зерттеулер институты, Сары судағы шығыс тау-кен байыту комбинаты және Днепрдегі Макаров атындағы оңтүстік машина жасау зауытын тексерген.

МАГАТЭ Киевтің өтініші бойынша тексеру жүргізген. Бұған дейін Ресей билігі украин тарабын "лас бомбаны" өз аумағында жармақшы деп жатыр деп айыптаған. Мәскеу мұндай қаруды "украин билігі қолданып, жауапкершілікті Ресейге артпақшы" деп кінәлаған.

Киев те, Ресей басқыншылық жасаған Украинаға қолдау көрсеткен Батыс елдері де Мәскеудің мәлімдемесін "жалған айыптау" деп атаған. Олар Ресей шабуылды өзі ұйымдастырып, оны басқа елден көруі мүмкін деп топшылайды.

Украина президенті Владимир Зеленский Еуропада ядролық қару қолдануды ойға алған бір адам болса, ол - Ресей президенті Владимир Путин деді.

"Техникалық және ғылыми бағалау нәтижесіне сәйкес, жарияланбаған қызмет және материал белгілері табылмады" деп жазылған МАГАТЭ мәлімдемесінде.

Халықаралық агенттік тексеру жұмыстары басталмай тұрып украин кәсіпорындарын бұрын-соңды тексермегенін және олардың мұндай күдікке ешқашан ілінбегенін атап өткен.

  • Лас бомба – радиоактивті изотоп контейнері мен жарылғыш зат зарядынан құралған жарылғыш құрылғы. Заряд жарылған кезде изотопты контейнер бұзылып, радиоактивті заттар ерекше екпінмен жан-жаққа таралады. Зақым келтіру жағынан оның әсері қуаты аз бомба эффектісіне ұқсас. Бірақ "лас бомба" ядролық оқ-дәрі саналмайды.
  • Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 23 қазанда НАТО-ға мүше бірнеше елдің қорғаныс саласы басшыларына "лас бомбаға" қатысты күдіктерін айтқан, бірақ ешқандай дәлел келтірмеген.
XS
SM
MD
LG