Басылым мәліметінше, Токио Орталық Азияны Каспий теңізі арқылы Еуропамен жалғастыратын сауда жолын дамытуға көмектеседі.
Бұл жол Транскаспий халыақаралық көлік бағыты немесе Орталық дәліз деп аталады. Ол Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асып жатыр. Сауда жолы Ресейді айналып өтеді.
Жапон басылымының мәліметінше, Токио Орталық Азия елдерінің Ресейден экономикалық тәуелсіздігін нығайтуды көздейді.
Фумио Кисиданың Орталық Азияға сапары 9–12 тамызға жоспарланған. Ол Қазақстан, Өзбекстан және Моңғолияда болады. Орталық Азия елдері және Жапония саммиті Астанада өтеді.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда айналымы 2023 жылы шамамен 2,1 миллиард доллар болған. Қазақстан Жапонияға 600 миллион доллардың тауарын экспорттаса, бір жарым миллиард доллардың тауарын сол елден импортаған. Жапонияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 7,8 миллиард доллардан асады.
Жапония премьер-министрі Фумио Кисида Орталық Азияға сапары барысында аймақ елдерінің басшыларымен кездесіп, Токионың экономикалық көмегін жариялайды. Бұл туралы Japan Times хабарлады.