Бұның алдында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен шекарадағы атыста армян жағынан кем дегенде 49 адам мерт болғанын мәлімдеген.
"Өкінішке қарай, қара тізім әлі толық емес", - деген Пашинян.
13 қыркүйекке қараған түні Армения мен Әзербайжан шекарасындағы жағдай ушығып кетті. Армения қорғаныс министрлігі шекара маңындағы Сотк, Варденис, Горис, Капан, Артаниш және Ишханасар қалаларын Әзербайжан жағы атқылады деп мәлімдеді. Әзербайжан әскері қашықтан басқарылатын ұшу аппараттары мен минометтер пайдаланды, азаматтық нысандарға соққы жасалды деп хабарланды.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі болса Армения Қарулы күштерінің әскери бөлімдері әзербайжан-армян мемлекеттік шекарасында "ауқымды диверсия жасады" деп мәлімдеді. Министрлік дерегінше, армян диверсант топтары қараңғы түскенде әзербайжан армиясының жолдарына миналар орнатқан. Сол салдарынан ұрыс басталды, деп хабарлады қорғаныс министрлігі. Әзербайжан Армения аумағына басып кірді деген ақпаратты жоққа шығарды.
Армения мен Әзербайжан арасындағы жанжал қайта ушығуына байланысты Ереван Ресей Федерациясынан, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінен көмек сұрау жөнінде шешім қабылдады.
Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ төңірегіндегі шиеленіс 1980 жылдары, Совет одағы ыдырай қоймаған тұста басталған. Бұл аумақта армян ұлтының өкілдері тұрған, бірақ жер Әзербайжанға тиесілі болған. Сол жылдардағы соғыс нәтижесінде Армения Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін басып алған.
2020 жыл күздегі алты апталық соғыста Әзербайжан сол жерлерді қайтарып алды. Соғыс Ресейдің бітімгер әскерінің кіруімен аяқталды.
Содан бері екі ел басшылары бейбітшілік келісімін жасасу мақсатында бірнеше мәрте кездескен.