Ссылки доступа

Еревандағы наразылық акциясы кезінде 100-ден астам адам зардап шекті


Армения астанасында сәрсенбідегі наразылық акциясы кезінде 101 адам зардап шекті. Олардың ішінде наразылыққа шыққандар ғана емес, полиция қызметкерлері де бар.

Бұл туралы «Армения қоғамдық радиосы» денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

85 адам медициналық көмек алғаннан кейін ауруханадан шыққан. Қалғандары ем қабылдап жатыр. Олар жеңіл және орташа жарақат алған.

Armenia Today телеграм-арнасының ІІМ мәліметіне сүйене отырып хабарлауынша, тәртіпсіздік барысында полицияның 18 қызметкері жараланған.

Армениядағы наразылық бірнеше аптадан бері жалғасып жатыр. Наразылар премьер-министр Никол Пашинян мен оның үкіметі қызметін доғарсын деп талап қойған. Олардың басым бөлігі – "Отан үшін Тавуш" қозғалысын жақтайтындар. Бұған дейін олар Армения премьер-министрі лауазымына қозғалыс лидері, архиепископ Баграт Галстанянды ұсынған.

12 маусым кешке үкімет отырысы өтіп жатқан кезде, орталық алаңға митингіге шыққандар парламент ғимараты маңындағы қоршауларды ала бастап, ішке кіруге талпынды. Кейін полиция оларды күштеп тарата бастады.

Армениядағы наразылыққа Әзербайжанмен арадағы шекара келісімі түрткі болды, Ереван шекарадағы бірнеше ауылды Бакудің бақылауына беруге келіскен. Тараптар делимитация туралы құжаттарға сәуірдің аяғында қол қойды. Келісім Тавуш аймағындағы төрт ауылдан басталуы керек еді. Олар екі ел армиясы позициялары арасындағы бейтарап аймақта орналасқан.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен оның үкіметінің позициясы наразыларды ашуландырды, олар Әзербайжан қысымынан Ереван жаңа соғыс бастала ма деп қорқып, мұндай іске біржақты түрде барды деп есептейді.

Армения тергеу комитеті ұсталған адамдардың үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG