Ссылки доступа

Ирандағы қарсылық акциясы кезінде кемі 133 адам өлген


Ирандағы қарсылық акциясы
Ирандағы қарсылық акциясы

Иранда болып жатқан қарсылық кезіне кемі 133 адам өлген. Оның 40-тан астамы Захедан қаласының тұрғындары. Захедан тұрғындары полиция бастығын 15 жасар қызды зорлады деп айыптаған, осыдан соң халыққа оқ атылған.

Бұл жөнінде Iran Human Rights құқық қорғау ұйымы хабарлады.

Ирандағы қарсылық акциясы қыркүйектің ортасында, әйелдер құқығын қорғаушы 22 жастағы Махси Әминидің өлімінен кейін басталған. Оны полиция ұстап, хиджабын дұрыс кимеген деп ұрып-соққан. Арада апта өткенде қарсылық акциясы Иранның 30-дан астам қаласына жайылған. Қарсылық Иран астанасы Тегеран қаласына да ұласқан.

Захедан тұрғындары 15 жасар қызды зорлаған қала полициясы басшысын жазалауды талап еткен. 30 қыркүйекте қала тұрғындары қарсылық білдіру үшін полиция бөлімінің алдына барған. Кейбірі полиция ғимаратына тас лақтырған, полиция көлігі өртенген. Жиналғандарға полиция бөлімі мен тікұшақтан оқ атылған. Кейін Иран билігі "полиция бөліміне террор шабуыл жасалды" деп мәлімдеген. Осы атыс кезінде түрлі мәліметтерге қарағанда, 19-59-ге дейін адам өліп, жүздеген адам жараланған.

Иранның мыңдаған азаматы полицияның зорлық-зомбылығы мен Иран билігінің сөз бостандығына салған тыйымына қарсылық білдіріп шыққан.

Шеру басталғанда әйелдердің кейбірі хиджабын шешіп алып, басынан айналдыра бұлғаған, кейбірі орамалын өртеп, шаштарын қиған. Бірнеше күннен кейін шерушілер "Диктаторға өлім келсін!", "Хаменеи тақтан тайсын" деген ұран көтеріп шыға бастаған.

Иран билігі қарсылық акциясына күш қолданып, резеңке оқпен, көзден жас ағызатын газбен, сумен атқылаған. Интернетті ажыратқан Иран билігі Әминидің өлімін тексеруге уәде бергенімен, басқа талаптарды орындаудан бас тартқан.

Үкіметке қарсы шеру кезінде Иран президенті Ибрахим Раиси "Иран елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, тыныштығын бұзатын күштерді тәртіпке келтіруге тиіс" деп мәлімдеген.

1979 жыла Иранда болған көтерілістен кейін орнаған тәртіп бойынша әйелдер көпшілік алдына тек ұзын етек көйлек және хиджаппен шығуға тиіс.

Иранның бұрынғы президенті Хасан Рухани полицияны шектен тыс агрессия көрсетеді деп айыптаған. 2017 жылы полиция басшысы дресс-кодты бұзғаны үшін әйелдер қамауға алынбайтынын мәлімдеген.

2021 жылдың тамызында Ибрахим Раиси президенттігі басталғаннан бері бұрынғы талап қайта күшейген.

XS
SM
MD
LG