Ссылки доступа

"Тағы қолдайтыныма күмән болмасын". Назарбаев референдумға қатысатынын мәлімдеді


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдумға қатысатынын мәлімдеді.

Экс-президенттің айтуынша, ол қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді дамытуға арналған реформасын қолдауға әзір. Бұл туралы Назарбаев қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында мәлімдеді.

Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдум 5 маусымда өтеді. Халық таңдайтын сауалдар арасында республиканың алғашқы президентінің рөлі мен құзыреттері жөніндегі бапты алып тастау ұсынысы да бар.

"Иә, 5 маусымда мен Конституцияда айтылған құқымды міндетті түрде пайдаланып, референдумға қатысам. Уақыт талабы мен қоғамның демократиялық дамуына үлес қосатын болса, жалпы мен Атазаңға әрбір ұрпақ өзгеріс енгізуге құқылы деп есептеймін. Мемлекет пен халқымыздың мүддесі мені де алаңдатады", – дейді Назарбаев.

Ол, көпшіліктің қарсылығына қарамастан, 2019 жылы мемлекет басшысы қызметінен өзі кеткенін еске салды. Назарбаев билік транзитінен соң кейбір құзыреті сақталғанын да айтты.

"Конституцияға сәйкес мен президент құзыретін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Одан кейінгі жалпыхалықтық сайлауда ол жеңіске жетті. Осы жылдардың бәрінде мен оның елді дамыту мен реформалау әрекеттерін қолдадым. Осы жолы да қолдайтыныма күмән болмасын", – деп түйіндеді Назарбаев.

Қазақстан Конституциясына ұсынылған өзгертулердің дені суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті күшті президенттік республикаға өтуді көздейді.

XS
SM
MD
LG