Ссылки доступа

Атырауда Қаңтардан соң айыпталған 27 адамның сотында Ұлттық ұланға "44 млн теңге шығын келгені" айтылды


Атыраудағы сот Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның ісін қарап жатыр. 27 желтоқсан 2022 жыл
Атыраудағы сот Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның ісін қарап жатыр. 27 желтоқсан 2022 жыл

Атырау облысында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адамның сотында жәбірленуші деп танылған Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінен келген әскери маман Асылхан Қуанов "оқиға кезінде бөлімге 44 млн теңгеден астам шығын келді" деп мәлімдеді.

Қуановтың айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланның қызметтік көліктерді бүлініп; жеке қорғаныш құралдары, Форт-500 маркалы екі мылтық, бронжилеттер, рациялар жоғалған.

"Әлі күнге дейін травматикалық мылтықтың құралдары, оқтар, бронжилеттер, 47 бушлат киім мен 25 рация табылмады" деді ол 27 желтоқсандағы сот отырысында.

Осылайша Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жәбірленушілердің барлығынан жауап алу аяқталды. Бұл іс бойынша 115 жәбірленуші бар. Олардың басым бөлігі – полицейлер мен әскери қызметкерлер. Арасында Қаңтар кезінде мүлігі бұлінген облыс әкімдігінің қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлер де бар.

Сот отырысында 20 жәбірленуші Қаңтар оқиғасында жарақаттанғанын айтқан.

Ал айыпталушы 27 адамның 13-і үйқамаққа алынып, он адам ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған, төрт адам тергеу абақтысына қамалған.

Тергеу абақтысында отырған Оралбек Айсин, Дулат Бекжанов, Асланбек Қоянбаев, Ринат Әбішевтерге "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Ұрлық" баптары бойынша айып тағылған.

Бұған қоса бұл істе 110 куәгер бар, олардан да жауап алынып жатыр.

Куәгерлер арасында Қаңтар оқиғасы кезінде облыс әкімдігіне шақыртулармен барған жедел жәрдем қызметкерлері, полицейлер мен әскерилер бар. Бұған қоса, 4-5 қаңтарда Атырауда түсірілген түрлі видеожазбалар да іске қосылған.

20 желтоқсандағы сот отырысында жауап алуға "екі құпия куәгер" шақырылғандықтан, судья отырыстың осы бөлігін жабық деп жариялаған еді.

Сотталушылардың басым бөлігі сотта өздерін фото мен видеоға түсіруге қарсы болған соң судья Зарема Хамидуллина Азаттық тілшісіне сотталушыларды бейнежазбаға түсіруге рұқсат бермеді. Бірақ соттың Facebook желісіндегі парақшасында процесс тікелей көрсетіліп жатыр.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.

Құқық қорғау органдары 35 жастағы Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған істі "қылмыс құрамы жоқ, полицей оқ атып қорғанған" деп тоқтатқан.

Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза болған. Мыңдаған адам қамауға алынып, түрлі жауапқа тартылған.

Биыл 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандарға рақымшылық жариялаған.

Тоқаевтың сөзінше, бұл рақымшылыққа тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілер, мемлекетке опасызсыздық жасағандар және билікті күшпен басып алуға талпынғандар ілінбейді.

XS
SM
MD
LG