Ссылки доступа

Германия СІМ басшысы: АҚШ-тың зымыран орналастыруы Путинді «тежеуге» көмектеседі


Анналена Бербок
Анналена Бербок

АҚШ-тың Германия аумағына қашыққа ұшатын зымырандар орналастыруы Ресей президенті Владимир Путинді тежеу үшін қажет. Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок Bild am Sonntag басылымына жариялаған мақаласында осылай деп мәлімдеді.

СІМ басшысының айтуынша, Берлин ЕО мен НАТО аясында «жеке қауіпсіздігі мен қуатына қаржы құйып» жатыр. Германия қорғау жоспарына ел аумағына америкалық зымырандар орнату ісі де кіреді.

Бербоктың пікірінше, осындай қадам Польшаны, Балтық елдері мен Финляндияны да Ресей агрессиясынан қорғайды.

НАТО-ның шілдеде Вашингтонда өткен саммитінде АҚШ пен Германия ГФР аумағына қашыққа ұшатын америкалық зымырандар орналастыратынын жариялаған. 2026 жылдан бастап АҚШ ГФР аумағына SM-6 зенитті зымырандар, «Томагавк» қанатты зымырандар, гипердыбыс қару жүйесін орналастыруды көздеп отыр. Ақ үйдің мәлімдеуінше, мұндай жүйе қашықтағы нысанды дәл көздейді.

Ресей президенті Владимир Путин 28 шілдеде әскери теңіз флоты күніне арналған салтанатты шарада сөз сөйлеп, АҚШ Германияға америкалық зымырандар кешенін орналастырса, Мәскеу орта және шағын қашықтыққа ұшатын зымырандарын сол жаққа қарай бұратынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG