Ссылки доступа

Ресейде 15 қаңтарда жаңа мобилизация жариялануы мүмкін


Ресей 15 қаңтарда қосымша мобилизация жариялауы мүмкін. Украина қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының өкілі Андрей Черняк t-online басылымына осылай деп мәлімдеді.

Черняк болжамын Бас барлау басқармасының баспасөз қызметі 7 қаңтарда жариялады.

"Оның айтуынша, террорист-елдің қарулы күштері жарты миллион ресейлікке дейін мобилизациялауы мүмкін. Жарлық жобасы дайын. Мобилизация бұл жолы Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург секілді ірі қалаларын да қамтиды", - деп хабарлады Украина бас барлау қызметі.

Черняк мәліметінше, мобилизация "Ресей экономикасына табыс әкелетін салаларда" істейтін ер азаматтарды да қамтиды.

Украина қарулы күштері Бас штабы 5 қаңтарда Ресей мобилизацияның кезекті толқынына дайындалып жатыр деп мәлімдеді.

Былтыр желтоқсанның аяғында Украина қорғаныс министрі Алексей Резников ресейліктерге жақында жариялануы мүмкін мобилизациядан қашуға кеңес берген.

Мәскеу жаңа мобилизация туралы жоспарын әзірге жариялаған жоқ.

Былтыр қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация басталды. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 300 мың адамды әскерге алу жоспарланған, алайда БАҚ биліктің мобилизацияланған азаматтар санын жарты миллионға жеткізу жоспары жөнінде жазған. Қазір мобилизация бойынша әскерге шақыру тоқтап тұр, алайда оны жүргізу туралы жарлық әлі күшін жойған жоқ.

XS
SM
MD
LG