Ссылки доступа

Қаңтарда жақынынан айырылған тараздықтар бас прокуратураға жиналды


Қаңтарда жақындарынан айырылған тараздық бес азамат 22 желтоқсанда Астанадағы бас прокуратураға барып, "Таразда өтіп жатқан соттағы әділетсіздіктерді" айтып, процесті тоқтатуды талап етті. 

"121 томдық істе оққа ұшқан ұлымның бүлік жасап, қандай да бір нәрсені қиратып жатқаны туралы бірде-бір дәлел, айғақ жоқ" деді ата-аналардың бірі.

Олар сотта сөйлеген куәгерлердің кейбірінің "өздері куәлік беріп отырған азаматтардың бір жыл бұрын қаза тапқанын білмейтінін де" жеткізді. "Соттағы әділетсіздіктерге жүрегіміз шыдамай, әділдік іздеп осында келдік" деді ата-аналар.

"Талабымыз марқұмдардың соты тоқтатылсын, олар ақталсын! Менің ұлыма екі бап бойынша айып іліп отыр: "жаппай тәртіпсіздік" және "ғимаратқа басып кіру".

121-томдық істе ұлымның бүлік жасап, қандай да бір нәрсені қиратып жатқаны туралы бірде-бір дәлел, айғақ жоқ. Фельшердің сөзі менің баламды атып, сол күйінше алаңға әкеп тастағанын дәлелдей түседі. Себебі мәйіт жатқан жерде еш қан жоқ. Адамның саусағы қанаса да, қан шығады емес пе. Баламның қалтасындағы ұялы телефоны, наушнигі, үйдің кілті жоқ. Бірақ "қалтасынан оқ табылыпты". Ол оқтың өзі төрт айдан кейін яғни, ұлым өлгеннен кейі төрт айдан соң табылған" деді шағымын айтып, тауыса алмаған Қаңтарда жалғыз ұлынан айырылған Тараз тұрғыны Нигора Закарияева.

Оның Астанаға келгеніне осымен сегізінші рет болған. Өзінің айтуынша, бұған дейін құқық қорғау органдары "дәлел жоғын мойындап, айыпты алып тастауға уәде бергенмен орындамаған".

Астанаға келген тағы бір ата-ана, Қаңтарда оққа ұшқан 18 жастағы Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков те сотта істің әділ тергелмей жатқанына наза болды. Оның айтуынша, бұған дейін сотта қаңтар күндері алаңнан түсірілген видеолар көрсетілген. Ондағы жайттар "прокуратура өкілдері айтқан айыптаулармен мүлде сәйкес келмейді".

Бейсенбі күні оларды бас прокуратураның өкілдері түстен кейін қабылдайтынын айтқан.

Бір күн бұрын Тараздағы №2 сотта шу болып, судья отырысты кейінге қалдыруға мәжбүр болған еді. Шу күштік құрылым өкілдері куәгер ретінде сұралып жатқанда шыққан.

Ақпаратқа қарағанда, бронетранспортер операторы Жасұлан Секербеков сотта адамдарға "91 рет оқ атылды" деген сөзіне қаза тапқан жастардың ата-аналары қарсы шығып, бұл шуға ұласқан.

Бұл іс бойынша сотталып жатқан бес жас адам – Тоқтар Ошақбай, Райыс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев және Исатай Донбаев Қаңтар оқиғасында Тараздағы алаңда қаза болған.

Бұған дейін Шыңғысбеков Тараздағы сотқа қарсылық білдіріп, "балаларымызды атқандарды куәгер ретінде шақырып отыр" деген еді. Ол құқық қорғау ұйымдарын сотты бақылауға, журналистерді соттан хабар таратуға шақырған.

Ресми дерек бойынша, Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде 15 адам қаза тапқан. 1 желтоқсанда Жамбыл облысының жасөспірімдерге қатысты ауданаралық соты Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Андрей Опушиевті "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен кінәлі деп тапқан. Айыпталушы қаза тапқандықтан сот оған жаза тағайындамаған.

Қазақстан биыл Тәуелсіздік күнін 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы болған жылы атап өтпек. Қаңтардың басында Жаңаөзенде жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан. Кейін елдің түпкір-түпкірінде халық Жаңаөзенді қолдап, алаңға барған. Ал 5 қаңтарға қараған түні бұл бейбіт митинг соңы тәртіпсіздікке ұласып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG