Ссылки доступа

Өзбекстан мен "Росатом" АЭС құрылысы құнын талқылап жатыр


Өзбекстан атом электр станциясы (АЭС) құрылысы құнын арзандату үшін "Росатоммен" келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы республиканың энергетика министрінің орынбасары Шерзод Хожаев журналистермен кездесуінде хабарлады.

13 маусымда Ташкентте өткен брифингте энергетика министрлігінің өкілі Шерзод Хожаев Өзбекстан осы жоба үшін "Росатомды" таңдағанын, жоба өте қымбат тұратынын айтты.

"Станция салынатын жер анықталды, технология таңдалды, осы технологияны таңдалған ауданға бейімдеуден шыққан құны мәлім. Әзірге оның құнына қатысты келісім жоқ. Өйткені біз оны өте қымбат деп есептейміз. Жоба құнын түсіру қажет", — дейді министрдің орынбасары.

"Қарапайым тілмен айтқанда, бұл АЭС өндіретін энергияға қанша ақша жұмсалады? Ол басқа да қуат көздерінен қымбатқа түспей ме? Қымбат болса, жоба іске аспайды. Арзан болса, біз оны жүзеге асыруымыз керек", - деп есептейді министрлік өкілі.

2018 жылғы қыркүйекте Өзбекстан мен Ресей АЭС құрылысы үшін әріптес болу туралы келісімге отырды. Ресми мәлімет бойынша, "Росатом" ВВЭР-1200 реакторы орнатылған, 3+ буынына жататын екі энергия блогынан тұратын кешен тұрғызады. Станция өзбек бюджеті мен ресейлік несие есебімен салынады деп жоспарланған.

Энергетика министрлігі АЭС 2030 жылға таман қажетті электр қуатының 15-18 пайызын өтейді деп есептейді. Атом электр станциясы Жизақ облысы Тұзқан көлі жағалауында салынады.

"Өзатом" бас директоры Журабек Мирзамахмұдовтың айтуынша, алғашқы блок 2028 жылы, ал екінші блок — 2030 жылы іске қосылады.

XS
SM
MD
LG