Ссылки доступа

Ферғана соты түрмедегі блогер Әлімжон Хайдаровтың арызын қарайды


4 наурызда Ферғана облыстық сотына өзбек блогері Әлімжон Хайдаровтың арызы түсті. Блогер жала жабу, ақша бопсалау, адамның ар-намысына тию айыптарымен 8 жылға сотталған.

«Эзгулик» құқық қорғау қоғамының төрағасы Әбдурахман Ташановтың айтуынша, сот адвокаттардың талаптарын қанағаттандырды.

"Адвокаттардың пікірінше, Хайдаровты ұстау кезінде бірнеше процессуалдық қате кеткен. Атап айтқанда, оның қолына арнайы ұнтақты мәжбүрлеп жаққан. Адвокаттар соттан блогерді ұстауға қатысқан тергеуші мен криминалисті тергеуге қайта шақыруды сұраған. Сот олардың арыздарын қанағаттандырып, соттың келесі отырысын дүйсенбіге белгіледі» дейді Ташанов.

2023 жылғы 1 желтоқсанда Ферғана аудандық соты блогер Әлімжон Хайдаровты 8 жылға соттау жөнінде шешім шығарған. Блогердің ютубтегі арналары, әлеуметтік желілері парақтары сот шешімімен бұғатталды.

Әлімжон Хайдаров өзін «саяси тұтқынмын» деп атаған. Блогер үстінен қозғалған қылмыстық істі кәсіби қызметімен байланыстырып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, блогер Әлімжон Хайдаров 2023 жылғы 29 шілдеде ұсталған. Ферғана облыстық милициясы, блогер «Қоқан Истиклол» сауда кешені басшыларынан сыни мақаланы 10 мың долларға айырбастауды сұраған. Ол арнайы химиялық зат жағылған ақшаны алу кезінде ұсталды деп жазылған милиция мәліметінде.

Хьюман Райтс Вотч (HRW) ұйымы блогер Әлімжон Хайдаровтың сотталуын сынады.

XS
SM
MD
LG