Ссылки доступа

БҰҰ: Украинадан шыққан 3,2 миллион босқын Еуропа елдерінің уақытша қорғауына алынды


Риганың босқындарды қабылдау орталығында тұрған Украина босқындары, Латвия. Наурыз 2022 жыл

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда, Украинадан шыққан үш миллионнан астам босқын Еуропа елдерінің уақытша қорғауына алынған. Бұл статус Еуропа одағы елдерінде өмір сүруге және жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Ресми мәлімет соғыс басталғалы бері Еуропа одағына Украинадан бес миллионға жуық босқын келгенін көрсетіп отыр. Босқындарды бәрінен көп қабылдаған елдер - Польша, Чехия мен Германия.

Бұлар тек ресми тіркелгендері ғана. Босқындардың кейбірі Еуропа одағынан тыс жерлерге кетсе, кейбірі тіркеліп, көмек сұрауды керек етпеген, сондықтан статистикаға енбеген. Кей бөлігі Украинаға оралған.

9 маусымға дейін Польша Украинадан келген миллионнан астам босқын қабылдаған; Германия - 780 мың; Чехия - 366 мың. Ресей федерациясы Біріккен ұлттар ұйымына өзінің миллионнан астам босқынды паналатқанын айтқан, бірақ қаншасының ресми статус алғанын, қаншасының Украинаға қайта оралғанын көрсететін құжат бермеген.

Украина билігі "Ресейге босқын барған жоқ, оларды Ресей күшпен депортациялап, адам құқығын бұзды" деп айыптайды.

Еуропа одағы елдерінің ішінде Украинамен ең ұзын шекарасы бар Польша босқындарды мейлінше көбірек қабылдап отыр. Польша шекара қызметінің мәліметіне қарағанда, 24 ақпанда соғыс басталғаннан 9 маусымға дейінгі аралықта Польшаға Украинаның 3,865 млн азаматы келген, бірақ олардың жартысынан астамы өзге елдерге кеткен.

Еуропа елдерінің көпшілігі Украина азаматтарына саяси босқын статусын емес, соғысқа байланысты уақтша қорғау статусын берген. Бұл статус - Еуропа елдерінен тезірек әлеуметтік көмек алып, жұмыс істеуге, оқуға мүмкіндік береді. Соғыс аяқталған соң олар еліне қайтып, статусы тоқтайды.

24 ақпаннан бері Украина мен Еуропа одағы елдері шекарасынан шамамен 7 миллион 300 мың адам өткен. Олар – Украина азаматтары мен Украинада тұрақты тұруға құқығы бар адамдар; 2 миллион 400 мың адам қайта оралған.

БҰҰ мәліметіне қарағанда, 8 миллионға жуық адам Украинаның соғыс болып жатқан аймағынан қауіпсіздеу аймағына көшуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG