Ссылки доступа

БҰҰ Украинаның 30 қаласындағы бейбіт тұрғын ресейлік әскерилер қолынан қаза тапқанын растады


БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі мониторинг миссиясы 29 маусымда Украинадағы соғыс барысында адам құқықтары қалай бұзылғаны туралы баяндама жариялады. Есеп 24 ақпан мен 15 мамыр аралығын қамтиды.

БҰҰ сарапшылары осы уақытта 3924 бейбіт тұрғынның қазасын, 4444 адамның жараланғанын тіркеді. Алайда соғыс құрбандарының саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені есепке толықтай расталған деректер ғана енген.

Үш айға жуық уақытта миссия өкілдері Украинаның 30 қаласында әскери қимыл емес, ресейлік әскерилер қолынан қаза тапқан 300-ден аса бейбіт тұрғын туралы дерек жинады. "Бір ғана Буча қаласында кем дегенде 50 бейбіт тұрғынды ресейлік жауынгерлер өлтіргені құжаттармен расталды", - делінген баяндамада.

БҰҰ 108 адамға зорлық жасалған болуы мүмкін екенін, соның ішінде 78 адамның зорланғанын білді. 23 адамды бір топ адам зорлағаны, азаптағаны анықталды. Олардың 13-і - ер азамат, тоғызы - әйел, біреуі - кәмелет жасқа толмаған қыз.

Аталған қылмыстардың басым бөлігін (87) ресейлік әскерилер, бірақ кейбірін Украина Қарулы күштерінің, қорғаныс топтарының және укриан құқық қорғау органдарының өкілдері жасаған, делінген БҰҰ сарапшыларының баяндамасында.

Құжатта жауласушы қос тараптың да тұтқындарға қатысты ережелерді бұзғаны айтылған. БҰҰ сотсыз кісі өлтіру, азаптау, дұрыс қарамау, медициналық көмек бермеу деректерін тіркеді.

XS
SM
MD
LG