Ресей жемқорлықпен күрес жөніндегі үлттық комитеттің төрағасы Кирилл Кабанотың хабарлауынша, «Сахарово» көші-қон орталығында қырғыз азаматына Ресей паспорты үшін ақыны төлеп беруді ұсынған, бірақ ол Якутияға барып, жаңа келісім-шартқа отырған. Құбанычбектің өзі әзірге ештеңе айтпай отыр.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Асқар Құбанычбек уулу Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталған алғашқы қырғыз азаматы атанған.
"Коммерсантъ" мәліметінше, 2022 жылғы маусымда Құбанычбек Брянск қаласында келісім-шартқа отырып, майданға аттанған. 2022 жылғы қарашада Құбанычбек армиядан кетіп, 2023 жылғы қаңтарда еліне оралған. Қырғызстанда оны шетелде әскери қимылдарға қатысқаны үшін ұсталған. Құбанычбек тағылған айыпты мойындамаған. Оның адвокатының мәлімдеуінше, Асқар армияға Ресей азаматтығын алу үшін барған.
Қырғызстан соты оны 10 жылға соттаған. Алайда 2023 жылғы тамызда Қырғызстан Жоғарғы соты сот үкімін жойып, істі қайта қарауға жолдаған.
Биыл қаңтарда Бішкек қаласы Бірінші май аудандық соты Асқар Құбанычбектің үкімін жұмсартып, оны жеті жылға соттаған, бірақ сот залынан босатқан. Құбанычбекке үш жыл пробациялық бақылау белгіленген. Осы уақыт аралығында ол Қырғызстан аумағынан кетпеуі тиіс болған. Алайда көктемде Құбанычбек Қазақстан арқылы Ресейге кетіп қалғаны мәлім болды.
Ресейде шетел азаматтарын, әсіресе осы ел аумағында уақытша тұрып жатқан еңбек мигранттарын армияға белсенді түрде тартып жатыр.