Ссылки доступа

Кишинёв әуежайында екі адамды атып өлтірген тәжікстандық ауруханада қайтыс болды


Кишинёв әуежайы қауіпсіздік қызметінің өкілі мен полиция офицерін атып өлтірген тәжік азаматы Рустам Ашуров ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Молдова ішкі істер министрлігі хабарлады.

Оқиға 30 маусымда Кишинёв халықаралық әуежайында болған. Түркиядан ұшып келген тәжікстандықты Молдоваға кіргізбей қойған. Әуежайдың арнайы аймағында оны кері рейске отырғызу кезінде тәжік азаматы шекарашының қаруын тартып алып, оны атып өлтірген. Сосын тірнеше мәрте оқ атып, әуежайдың қауіпсіздік қызметінің өкілін өлтірген, тағы бір жолаушыны жаралаған.

Тәжікстан бас прокуратурасы әуежайда оқ атқан адамның ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Рустам Ашуров екенін хабарлады. Ол 23 маусымда Душанбеде банк топ-менеджерін ұрлауға қатысты қылмыстық іс қозғалған уақытта Молдоваға қашқан.

Молдовада оның үстінен екі адамды өлтіру қылмысы бойынша іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG