Ссылки доступа

Өзбекстанда Covid-пен күреске бөлінген 8 млрд доллар кімнің қалтасына кетті? (видео)


Өзбекстанда Covid-пен күреске бөлінген 8 млрд доллар кімнің қанжығасында кетті?

Өзбекстан коронавируспен күреске миллиардтаған доллар қаржы бөліп, бұл ақшаны негізінен билікке жақын компаниялар игерген. Азаттықтың Өзбек қызметі эксклюзив зерттеуінде ақшаны кімнің қалай алғанын әшкереледі.

"Пандемия болмағанда, мүмкіндігіміз молырақ болар еді. Коронавируспен күреске біз 80 триллион сом жұмсадық. Бірақ мен бұл ақшаны аяп отырғаным жоқ, есесіне халқымызды аман алып қалдық" деді Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2 маусым күні Сұрхандариядағы жиналыста.

80 триллион сом немесе 8 миллиард доллар – бұл Өзбекстан бюджетінің 2020 жылғы шығынының 40 пайызы немесе жалпыұлттық ішкі өнімінің 12-ден астам пайызы. Бұл ақшаға тұрмысы төмен 700мың отбасыға үлгілі үй салуға немесе 90 мың заманауи ауыл мектебін соғуға болар еді.

2020 жылғы 19 наурызда, індет елге енді келгенде, Мирзияев Дағдарыспен күрес қоры құрылғанын, оған 1 миллиард доллар құйылғанын, бұл ақшаның шетелден қарызға алынғанын мәлімдеді. Бірақ биылғы 2 маусымдағы сөзінде өзбек президенті індетпен күреске арналған қаржының қалай 8 есе ұлғайып кеткенін, ол ақшаның қайдан алынғанын және неге жұмсалғанын айтпады.

Қарыз ақшаның едәуір бөлігі президент пен премьер-министр қаулыларымен игеріліп, Мирзияевтің төңірегіндегі олигархтар мен шенеуніктер басқаратын монополист компаниялардың есепшотына түскен. "Ковид бәлішінің" бір тілімін президент әкімшілігіне қарайтын компания алған.

Мұның бәрін ашық көздердегі құжаттардан байқауға болады.

ҚАУЛЫЛАР МЕН ҚАЛАУЛЫЛАР

Былтыр көктемде әлемде үрей тудырған коронавирус індеті Өзбекстанға да келіп, ел билігі пандемияның алдын алу үшін қаулы үстіне қаулы шығара берді. Осы қаулылар коронавируспен күресті пайдасы мол бизнеске айналдырып, билікке жақын топтарды қызықтыра бастады.

Жарлықтар мен қаулылар тізбегін 2020 жылғы 19 наурызда ел президенті Шавкат Мирзияев бастады. Сол күні оның коронавирустың кері әсерін жұмсарту жөніндегі жарлығы шықты. Үкімет осы жарлыққа сүйеніп, қаржы министрлігі жанынан Дағдарыспен күрес қорын құрып, оған 1 миллиард доллар бөлді. Қазынада бұл сома болмаған соң, ақшаны қарызға алатын болды.

Алты күннен соң, яғни 25 наурыз күні ел премьер-министрі Абдулла Арипов "Қызметтік қолданыс үшін" деген белгісі бар қаулы шығарды да, оны қоғам көзінен жасырып қойды.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтің 25 наурыздағы №181 қаулысы.
Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтің 25 наурыздағы №181 қаулысы.

Қаулыда Ташкент облысы Жоғары Шыршық (өзбекше – Юқори Чирчиқ, орысша – Юкоричирчик) ауданында 20 мың науқас сыятын карантин орталығы мен Зәңгіата (Зангиота) ауданында 10 мың науқас сыятын аурухана салынатыны жазылған. Қаржы көзі – мемлекеттік бюджет, нақтырақ Дағдарыспен күрес қоры.

Құжатта құрылысты үш компанияның жүргізетіні жазылған. Бұл компаниялар ешқандай тендерсіз анықталған, ал бұл елдің "мемлекеттік сатып алулар туралы" заңына қайшы.

Заңды айналып өту үшін Мирзияев құпия және жартылай құпия жарлықтар мен қаулылар шығарып, "айрықша жағдайлар пирамидасын" құрған. Бұл "пирамиданы" премьер-министр Абдулла Ариповтің 25 наурыздағы №181 қаулысынан көруге болады.

Қаулыда Ташкент қаласының түбіндегі Жоғары шыршық және Зәңгіата аудандарындағы құрылыстарды жобалау-сметалық құжаттар аяқталмай жатып бастай беруге рұқсат берілген. Ал бұл мердігерге құрылыс құнын құрылыс басталғанға дейін де, келісімшартқа қол қойылғаннан кейін де өзгерте беруге мүмкіндік береді.

Екінші айрықша жағдайға келсек, үкімет қаулысы мердігерлер мен қосалқы мердігерлерге құрылыс материалдарын тендерсіз-ақ сатып ала беруге рұқсат берген. Бірақ сатып алу кезінде мемлекет ақшасы жұмсалатын болған.

Сондай-ақ, аталған құрылысты жүргізетін мердігер және қосалқы мердігер компаниялар табыс және баж салықтарынан босатылған.

ТАПСЫРЫСТЫ МИРЗИЯЕВ ТҰСЫНДА ДӘУРЕНІ ЖҮРГЕНДЕР АЛҒАН

Өзбек премьер-министрі Абдулла Ариповтің қаулысында Зангиота ауданындағы 10 мың адамдық аурухананы "Өзбекстан темір жолдары" АҚ және Enter Engineering компаниялары салады деп көрсетілген. Біріншісін Ачилбай Раматов, екіншісін Бахтиёр Фазылов деген азаматтар басқарады. Бұл екеуі Мирзияев тұсынды елдің бас архитекторлары атанған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) кәсіпкер Очилбой Раматовпен (оң жақта) бірге. 2019 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) кәсіпкер Очилбой Раматовпен (оң жақта) бірге. 2019 жыл.

Бахтиёр Фазыловтың Enter Engineering компаниясы Мирзияев тұсында жалпы құны 10 миллиард доллардан асатын ірі жобаларды қолына алған.

Бұл екі компанияға Ташкент облысының ең бір бағалы деген жерінен 130 гектар жер тегін берілген.

Шавкат Мирзияевтың "Шоввозсой" дейтін құпия тау кешенін де осы Раматов пен Фазылов салған. Азаттықтың өзбек қызметі Озодлиқ өз зерттеуінде бұл кешеннің құрылысына мемлекет қазынасынан жүздеген миллион доллар ақша жұмсалғанын әшкере қылған.

Екі компания да Азаттық сауалына жауап бермеді.

"Мирзияев курортының" құпия түсірілген видеосы жарияланды
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:04:38 0:00

ПАЙДАҒЫ МОЛЫНАН КЕНЕЛГЕНДЕРДІҢ БІРІ – ТАШКЕНТ ХОКИМІ

Өзбекстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша, Ташкент облысы мен Ташкент қаласы бір-біріне тәуелсіз екі бөлек аймақ саналады. Коронавируспен күрес науқаны аясында салынуы тиіс болған екі құрылыс Ташкент облысы аумағына түседі деп белгіленген. Бірақ үкімет қаулысында құрылысқа Ташкент қаласы жауапты деп көрсетілген. Бірақ неге екені белгісіз, тапсырыс беруші ретінде қала әкімдігі емес, осы әкімдікке қарасты "Ягона буюртмачи хизмати" компаниясы белгіленген.

Озодлиқ зерттеуіне қарағанда, қаулының бұл тұсы Ташкент хокимі Жахонгир Артыққожаевтың пайдасына шешілген. Құрылысты кімнің жүргізетінін шешетін хоким жобаға өзіне тиесілі компанияларды қатыстырған.

Жоғары Шыршық ауданындағы құрылыстың бас мердігері ретінде Prime Tower Group, қосалқы мердігері ретінде "Обод шаҳар қуриш" компаниялары белгіленген. Бұл екеуінің түпкі иесі – осы Артыққожаев.

Азаттықтың Өзбек қызметі Ташкент әкімдігіне хабарласып көрді, ол жақтағылар пікір беруден бас тартты.

Құрылыс министрлігі екі жобаның біреуіне де қатысы жоғын, олар туралы ешнәрсе білмейтінін мәлімдеді.

ҚОСАЛҚЫ МЕРДІГЕРЛЕР

Ашық көздерде коронавируспен күрес науқаны кезінде пайдаға кенелген қосалқы мердігерлер туралы ақпарат аз. Бірақ Ташкент облысындағы екі ірі Covid объектісіне қатысқан кей қосалқы мердігерлер кездейсоқ жағдайда әшкере болып қалды. Солардың бірі – Ресейдің Қазан қаласында тіркелген Brigenergo компаниясы.

Brigenergo сайтында компанияның Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы коронавирус ауруханасын салуға қатысқаны жазылған. Яғни оған не "Өзбекстан темір жолдары" АҚ, не Enter Engineering компаниясы тапсырыс берген.

Ресейлік компанияның сайтында оның "Шоввозсой" құпия тау кешенінің құрылысына да қатысқаны көрсетілген. Неге екені белгісіз, бұл компания жобаларының көбін Өзбекстанда жүзеге асырған.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЫЗ ЕСЕБІНЕН ЖҰМСАЛҒАН МИЛЛИАРДТАР

Шавкат Мирзияев коронавирус пандемиясымен күреске жұмсалған 8 миллиард доллардың қандай бөлігі шетелден қарызға алынғаны айтпады. Өзбекстан орталық банкінің 2021 жылғы 27 наурыздағы есебіне қарағанда, 2021 жылғы 1 қаңтарда Өзбекстанның қарызы 33,8 миллиард доллар болған. Бұл 2020 жылдың басындағы көрсеткіштен 37,4 пайызға немесе 9,2 миллиард долларға көп.

2020 жылғы 17 сәуірдегі жиналыста Өзбекстанның Азия даму банкінен, Дүниежүзілік банктен және Жапонияның халықаралық әріптестік агенттігінен 2,7 миллиард доллар қарыз алғаны айтылды.

Мирзияев үкіметі коронавирус пандемиясы кезінде парақорлыққа жол берді деп айыпталған жалғыз үкімет емес. Transparency International дерегінше, коронавирус жемқорлықтың бүкіл әлем бойынша өршуіне әкелген.

Өзбекстанның бас прокуратурасы коронавируспен күреске арналған қаржының талан-таражға түсуі жөнінде тергеу бастағанын айтты. Бірақ әзірге белгілі ақпаратқа қарағанда, прокуратура тек төмен деңгейдегі қызметкерлердің үстінен ғана іс қозғаған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, осы күнге дейін Өзбекстанда коронавируспен 110 мың адам тіркелген, 731 адам қайтыс болған. Бірақ бұл сандарға күдік келтіретіндер көп. Іс-жүзінде вирус жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар бұдан едәуір көп саналады.

Бұл зерттеуді Азаттықтың Өзбек қызметі британиялық Ulster университетінің криминология профессоры Кристиан Ласслетпен бірге жүргізді.

XS
SM
MD
LG