Ссылки доступа

Рим папасы сейсенбі күні Қазақстанға келеді


Рим папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер конгресіне қатысу үшін 13 қыркүйекте Қазақстанға келетінін хабарлады. Сапар үш күнге созылады.

Әулие Петр алаңына жиналған діндарлар алдында сөйлеген понтифик "бейбітшілік сапарының" сәтті өтуіне дұға оқуға үндеді.

"Көптеген дін өкілдерімен кездесудің, бейбітшілік орнатуға ұмтылғандармен диалог орнатудың сәті түсіп тұр. Біздің әлем бейбітшілікке аса мұқтаж", – деді Франциск.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Көпжақты әріптестік жөніндегі департамент директоры Дидар Теменовтің мәліметінше, биыл конгреске әлемнің елу елінен жүз шақты өкіл қатысады. Форумға ұлы имам Әл-Азхара Ахмед Әл-Тайеб, Волоколам митрополиті Антоний, Мәскеу патриархатының сыртқы байланыс бөлімінің басшысы, Израильдің ашкеназилік бас раввині Давид Лау, Израильдің сефардтық бас раввині Ицхак Йосеф және Иерусалимдік патриарх III Феофил қатысады.

Рим папасы Франциск Қазақстанға сапары барысында Ресейдің Украинаға басып кіруін ақтауға тырысқан Мәскеу және бүкіл Русь патриархаты Кириллмен кездескісі келген, алайда Ресей православ шіркеуінің басшысы бұл конгреске келуден бас тартқан.

Бейбітшілік сапарына аттанатынын хабарлаған уақытта Рим папасы Франциск "Жаратқан оған жұбаныш пен үміт сыйлау үшін" украин халқына дұға етуді тоқтатпауға шақырды.

XS
SM
MD
LG